Капиталы 12 млн доллар: Қазақстанда жаңа ислам банкі ашыла ма

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Ислам банкі ашылуы мүмкін / Фото: shutterstock.

16 қазанда Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) Tansar Islamic Bank Ltd. компаниясы тіркелді. Экономист Арман Батаевтың жазуынша, Қазақстанда жаңа ислам қаржы ұйымы пайда болуы мүмкін.

Жаңа құрылымның жарияланған акционерлік капиталы 12 млн АҚШ долларын құрайды.

Банктің жалғыз акционері – «Tansar Group» АҚ. Tansar Group иелірінің бірі – Ұлттық банк пен және басқа да компанияларда басшылық қызмет атқарған Ержан Ағыбаев. Сонымен қатар меншік иелерінің қатарында Ұлттық банк төрағасының бұрынғы орынбасары, KASE мен Ұлттық инвестициялық корпорацияны басқарған Есжан Біртанов бар.

Ал жаңа банк Директорлар кеңесіне Ұлттық банк төрағасының бұрынғы орынбасары Есжан Біртанов, «Tansar Capital» басқарма төрағасы Ержан Ағыбаев, сондай-ақ Нұркен Досмұхамбетов пен Айдос Мұсатаев кірді. Ал бас директор лауазымына Рүстем Баймаханов тағайындалған.

Тіркеу құжаттарына сәйкес, қаржы ұйымы үш негізгі бағытты дамытуды жоспарлап отыр:

  • Ислам банкингі: шариғат қағидаттарына сай бизнесті және жеке тұлғаларды қаржыландыру;
  • Төлем қызметтері: төлемдер жүргізу, ақша аударымдары және валюта айырбастау операциялары;
  • Пайданы бөлуге негізделген инвестициялық шоттар (RPSIA): Клиенттердің қаржысын келісілген жобаларға салып, түскен табысты өзара бөлісу.

Заңды тұлға ретінде тіркелуі банк лицензиясын алды дегенді білдірмейді. Қазіргі кезде АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің (AFSA) тізілімінде «Tansar Islamic Bank»-ке рұқсат берілгені туралы мәлімет жоқ. Банк қызметін бастау үшін реттеуші органның ресми рұқсатын алуы тиіс.

Қазақстанның қаржы нарығында ислам банкингі үлесі әлі де шағын. Дегенмен шариғат талаптарына сай келетін қаржы құралдарына сұраныс жылдан-жылға артып келеді.

Бұған дейін араб инвесторы Қазақстанда тағы бір банк ашатыны хабарланған.  Abu Dhabi Commercial Bank PJSC (ADCB) Қазақстанда өзінің еншілес банкін ресми түрде тіркеген.

Сондай-ақ оқыңыз