Жәрдемақы тағайындау кезінде бір үйге тіркелгендердің табысы қалай есептеледі

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: shutterstock

Қазақстанда жаңа жылдан бастап жәрдемақы тағайындау кезінде бір үйге тіркелгендердің табысы бірге есептеледі. Әрі қарай адам санына бөлініп, жәрдемақы беру-бермеу туралы шешім қабылданады. «А» және «В» санатына кіретін азаматтар кей жәрдемақыдан қағылады. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, үй шаруашылығына бір мекенжайға тіркелген барлық адам кіреді. Олар міндетті түрде бір-біріне туыс болуы керек деген талап жоқ. Яғни, досыңыз не туысыңыз үйіңізге тіркелсе, оның табысы да жәрдемақы алу-алмауыңызға әсер етеді. 

Үй шаруашылығы деген:

  • ерлі-зайыпты; 
  • ерлі-зайыпты және олардың балалары;
  • ерлі-зайыпты және олардың балалары мен отбасының танысы не досы. 

«Бір мекенжайға тіркелген ерлі-зайыптылар, олардың балалары, ерлі-зайыптылардың ата-анасы, бауырлары және олардың балалары да ескеріледі. Барлығының табысы мен мүлкі қосылып, адамдар санына бөлінеді», – деп түсіндірді министрлік. 

Одан бөлек отбасымен туыстық байланысы жоқ бөтен адамдар да есепке алынады. 

«Егер мекенжайға (үйге, пәтерге) отбасының досы немесе танысы тіркелген болса, оның табысы мен мүлкі отбасының әл-ауқатын бағалау кезінде есепке алынуы мүмкін», – деп түсіндірді еңбек министрлігі.

Айта кетейік, қазақстандықтар жаңа жылдан бастап табысына қарай А, В, С, Д және Е деген бес санатқа бөлінеді. Нәтижесінде республикалық бюджеттен төленетін 36 жәрдемақының 14-і кей азаматқа төленбеуі мүмкін.

Азаматтардың әл-ауқатын анықтау барысында табысы, жылжымайтын мүлкі, кәсібі, көлігі және басқа да факторлар ескеріледі. 

Сондай-ақ оқыңыз