
Қазақстанда жеке кәсіпкерлігін тоқтатуға өтініш берген салық төлеушілер өтініштің не себепті қабылданбағанын салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесіндегі жеке кабинеті арқылы біле алады. Бас тарту себебін анықтап, кемшіліктерді жойғаннан кейін өтінішті қайта беруге болады, деп хабарлайды Kursiv.media.
Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіруінше, салық төлеуші қызметін тоқтату туралы өтініш бергенімен, оған «Қабылданбады» деген мәртебе берілуі мүмкін. Бұл жағдайда алдымен бас тарту себебін анықтау қажет.
Ол үшін салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесінде «Құжаттар» → «Менің құжаттарым» → «Салықтық өтініш» бөліміне кіру керек. Мұнда бұрын берілген өтініштердің тарихы сақталады. «Қабылданбады» мәртебесін басып, мемлекеттік кірістер органының құжаттарды қабылдағаны немесе қабылдамағаны туралы электрондық хабарламаны ашу қажет. Онда өтініштің не себепті қабылданбағаны көрсетіледі.
Бас тартуға негіз болған себептер жойылғаннан кейін салық төлеуші қызметін тоқтату туралы өтінішті қайта бере алады.
Жеке кәсіпкерлік қызметін тоқтату тәртібі мен есептен шығарудан бас тарту негіздері Қазақстанның 2025 жылғы 18 шілдедегі №214-VIII Салық кодексімен реттеледі.
Кодексте жекелеген санаттағы жеке кәсіпкерлер үшін қызметті жеңілдетілген тәртіппен тоқтату талаптары да қарастырылған.
Ал кәсібін тіркемей жүргендерге қанша айыппұл салынатынын осы жерден оқи аласыздар.