Ірі жобалар аяқталды: білім саласына салынған инвестиция 67 пайызға құлдыраған

Жарияланды 19 Қазан 2026 16:03

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Білім саласына салынған инвестиция неге азайды /Фото: shutterstock

Қазақстанда білім беру саласын қаржыландыру күрт азайды. Елдегі негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы өсіміне қарамастан, білім саласына бағытталған қаржы көлемі бірден 67,1%-ға құлдыраған. Halyk Finance сарапшыларының түсіндіруінше, оған ұлттық жоба аясындағы мектептер құрылысының негізгі бөлігі аяқталуы себеп.

Қай салаға инвестиция көп салынды

Инвестицияның төмендеу тенденциясы тек білім беру саласында емес, басқа да негізгі секторларда байқалды. Мәселен, ірі кен орындарындағы жобалардың аяқталуына байланысты мұнай-газ өндіру саласындағы инвестиция 21%-ға, сумен жабдықтауда 14,5%-ға, ал саудада 1,1%-ға азайған.

Дегенмен, тоғыз айдың қорытындысы бойынша елдегі негізгі капиталға салынған жалпы инвестиция (НКИ) 7,0%-ға өскен. Мемлекеттік бюджет пен жеке құрылыс салушыларды есепке алмағанда, өсім 17,4%-ды құрады.

Ал шикізаттық емес секторға бағытталған бюджеттен тыс инвестициялар 25,0%-ға артты. Инвестиция өсімі өңдеу өнеркәсібінде (+40,1%), ақпарат және байланыс секторында (+29,2%) және электрмен жабдықтау саласында (+36,9%) тіркелді.

Қаржы қайдан алынды

Инвестицияның негізгі көзі ретінде кәсіпорындар мен ұйымдардың өз қаражаты сақталып отыр, оның үлесі 65,8%-ға жетті.

Ал мемлекеттік бюджеттің үлесі керісінше 23,0%-дан 14,3%-ға дейін төмендеді. Бюджет қаражатының басым бөлігі (шамамен 59%-ы) транспорт, электр және сумен жабдықтау сияқты инфрақұрылымдық салаларға бағытталды.

Инвестицияның ішкі құрылымында да өзгерістер бар: құрылыс жұмыстарының үлесі 68%-дан 63%-ға азайып, машиналар мен жабдықтарды сатып алу шығындары 22,9%-ға артты (үлесі 27%-дан 32%-ға өсті).

Halyk Finance бас аналитигі Салтанат Игенбекованың айтуынша, бұл динамика ірі жобалардың құрылыс кезеңінен жабдықтармен жарақтандыру сатысына өтуін және бизнестің өндірістік қуаттарын жаңартуын көрсетеді.

Сала мамандары жабдықтарға салынған инвестицияның артуы орта мерзімді болашақта экономиканы технологиялық қайта жарақтандыруға мүмкіндік береді деп есептейді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйекте негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 16,1 трлн теңгеге жетті. 

Сондай-ақ оқыңыз