Борышкердің бүкіл шоты бұғатталмайды: күнкөріске 50 мың теңге қалуы мүмкін

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда азаматтардың банк шоттарын бұғаттау және олардан қарыз өндіру тәртібі өзгеруі ықтимал. Борышкердің бүкіл банктегі есепшотын бұғаттамай, ең төменгі күнкөріске тең сома нақты қалуы мүмкін. Қазір ол 50 мың теңгеден сәл асады.

Құрылтай депутаты Асқар Мұхаметовтың сауалына берген жауабында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов заңға осы мәселені реттейтін түзету ұсынылатынын айтады.

Ресми деректерге сәйкес, елде 1,5 миллионнан астам азаматтың банк шоты бұғатталған, ал үш ай бойы төленбеген несие көлемі 1,8 трлн теңгеге жеткен.

Қазіргі жүйенің кемшіліктері

Қазір заң бойынша банктен қарызды өндірудің екі жолы бар. Біріншісі – банктердің төлем талабы бойынша ақшаны өндіріп алуы. Бұл жағдайда банктер клиент шотынан қарыздың 50 пайызына дейін ғана ұстап қалу және азаматтың шотында ай сайын кемінде екі күнкөріс деңгейі мөлшерінде (2026 жылы бұл сома – 101 702 теңге) ақша қалдыруға міндетті.

Екіншісі – сот орындаушыларының өкімдері арқылы өндіріп алу. Аталған механизм кезінде заң бойынша азаматтың жалақысы мен табысының 50 пайыздан астамын ұстауға болмайды әрі шотында ең төменгі күнкөріс деңгейі (2026 жылы 50 851 теңге) сақталуы тиіс.

Алайда бұл шектеуді қамтамасыз ету міндеті банктерге емес, сот орындаушыларына жүктелген. Соның салдарынан банктер инкассолық өкім түскен кезде онда көрсетілген соманы шоттағы барлық ақша есебінен толық өндіріп алуға мәжбүр.

Бұдан бөлек, сот орындаушылары азаматтың бірнеше банктегі шоттарына бірдей бұғаттайды. Соның салдарынан бұғатталған қаржы көлемі нақты қарыз сомасынан бірнеше есе асып кетеді.

Ұлттық банк ұсынысы қандай?

Қалыптасқан жағдайды реттеу үшін Ұлттық банк Әділет министрлігіне «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» және «Төлемдер мен төлем жүйелері туралы» заңдарға екі негізгі өзгеріс енгізуді ұсынды:

  1. Сот орындаушыларының инкассолық өкімдерін орындау кезінде де азаматтың банк шотында ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі соманың сақталуын заңды түрде бекіту.
  2. Шоттарды бұғаттау тәртібін жүйелеу. Қарыз сомасын азаматтың тек бір банктегі шотында бұғаттауға мүмкіндік беріп, қалған банктерге сот орындаушыларының бұғаттау туралы қаулыларын кері қайтару құқығын тапсыру.

Қазіргі уақытта бұл өзгерістер мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастырылып жатыр.

Бұған дейін депутаттар несие шартына борышкердің өмір сүруіне қажетті ең аз ақша сақталатынын жазуды ұсынған.

Сондай-ақ оқыңыз