
Қазақстан экспорттайтын негізгі мұнай қоспаларының бірі – CPC Blend бағасы қазан айында күрт өсті. Соңғы қолжетімді котировка бойынша оның баррелі 128,52 доллар шамасында бағаланған. Салыстыру үшін, Brent мұнайы өткен аптаның соңында 109,86 долларға дейін көтерілген еді. Яғни сырттай қарағанда қазақстандық мұнай Brent-тен шамамен 19 долларға қымбат тұр.
CPC Blend қанша тұрады?
CPC Blend бойынша қолжетімді деректерге қарағанда, 16 қазанда мұнай бағасы барреліне 128,52 доллар болған. Бұған дейін 15 қазанда – 133,12 доллар, 14 қазанда – 134,44 доллар деңгейінде тіркелген. Ал 8 қазанда баға 130,86 долларға дейін бірден көтерілген.
Brent бағасы да қазан айында айтарлықтай өсті. 16 қазанда эталондық марканың бағасы 109,86 долларға дейін жетіп, мамырдан бергі ең жоғары деңгейін көрсетті. Мұнай нарығына Таяу Шығыстағы шиеленіс, Ормұз бұғазы арқылы жеткізілімнің қысқаруы және Ресейдің мұнай инфрақұрылымына қатысты тәуекелдер әсер етіп отыр.Осы екі көрсеткішті тікелей салыстырғанда CPC Blend шамамен 17%-ға қымбат шығады.
Еске сала кетейік, көктемде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, мұнай бағасы берреліне 100 доллардан асса, Қазақстан бюджетіне қосымша 20 млрд доллар түседі деп мәлімдеген.