ИКАО бас хатшысының Орталық Азияға алғашқы сапары Қазақстаннан басталды

Жарияланды
ИКАО бас хатшысы Қазақстанда авиация басшыларының форумына қатысады/ gov.kz

Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар жұбайы Кардона ханыммен бірге Астанаға ресми сапармен келді, деп жазады Kursiv.Media.

Әуежайда мәртебелі қонақты көлік вице-министрі Талғат Ластаев қарсы алды. Бұл Хуан Карлос Саласардың Орталық Азия елдеріне жасаған алғашқы сапары болып отыр.

Сапар аясында ИКАО бас хатшысы 20–22 қазанда Астанада өтетін ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік апталығына (ICAO Security Week 2026) қатысады. Халықаралық іс-шара көлік министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Қазақстан алғаш рет авиациялық билік органдарының басшыларын, халықаралық ұйымдардың, әуе компаниялары мен әуежайлардың өкілдерін, сондай-ақ сала сарапшыларын бір алаңға жинап отыр.

ИКАО бас хатшысының ресми сапары мен авиациялық қауіпсіздік апталығының Қазақстанда өткізілуі еліміздің халықаралық авиация саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Іс-шара қорытындысы бойынша жаһандық авиациялық қауіпсіздікті күшейту және қатерлерге қарсы бірлескен шешімдер бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізу күтіліп отыр.

ИКАО Біріккен ұлттар ұйымының мамандандырылған мекемесі. Ұйымға 193 мемлекет мүше. ИКАО азаматтық авиация саласындағы халықаралық стандарттар мен ұсынылатын тәжірибелерді әзірлейді.Қазақстан ИКАО-ға 1992 жылдан бері мүше. 2024 жылы Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында алғаш болып Монреаль қаласында ИКАО жанындағы тұрақты өкілдігін ашты. Хуан Карлос Саласар 2021 жылғы тамыздан бері ИКАО Бас хатшысы қызметін атқарып келеді. 2024 жылы ол екінші мерзімге қайта тағайындалды.

Оқи отырыңыз: Аптасына 923 рейс: биыл Қазақстаннан қай елдерге жаңа рейстер ашылды

Сондай-ақ оқыңыз