Қазақстандық комания Ақтөбе облысында алтын мен вольфрам іздейді

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы «Бөрілі-2» учаскесінде геологиялық-барлау жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмысты Geoland Minerals ЖШС жүзеге армақ, деп жазады Qazba порталы.
Компания учаскенің 4 блогында алтын, мыс, вольфрам және кобальт қорын іздеуді көздеп отыр. Жұмыстың негізгі мақсаты – тау-геологиялық жағдайлар мен жыныстардың заттық құрамын зерттеп, қорларды KazRC стандарттары бойынша есептеу.
Жоба аясында кварц сынамалары арқылы алтын, күміс, сондай-ақ мыс, висмут, вольфрам, қорғасын, кобальт және никель сияқты ілеспе компоненттердің мөлшерін нақтылау міндеттері қойылған.
«Бөрілі-2» учаскесіне ең жақын елдімекен – учаске шекарасынан оңтүстікке қарай 20 шақырым қашықтықта орналасқан Талдық ауылы. Геологиялық учаскенің алаңы 9,05 шаршы шақырымды құрайды. Барлау жұмысы 2026 жылдың II тоқсанында басталып, 2032 жылы аяқталмақ.
Барлау жұмыстарына дейін дайындық кезеңі (қор материалдарын жинау және жүйелеу) жүргізілді. Содан кейін топогеодезиялық жұмыстар жоспарланған: ұңғымалар мен қазбаларды шығару және байланыстыру, бедердің қимасы 2 метр болатын 1:1000–1:5000 масштабындағы топотүсірілім.
«Бөрілі-2» учаскесі мемлекеттік орман қорынан тыс жерде орналасқан. «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ мәліметі бойынша, учаскеде жер асты суларының кен орындары жоқ.
eGov деректері бойынша 2025 жылы Астана қаласында тіркелген «Geoland Minerals» ЖШС-ның басшысы әрі жалғыз құрылтайшысы – Елдос Таушанов.
Вольфрам — жер бетіндегі балқуы ең қиын тығыз және қатты металдардың бірі. Оның өнеркәсіп пен заманауи технологиялардағы маңызы өте жоғары.
Қазақстан вольфрамның барланған қоры бойынша әлемде алдыңғы қатарлы орындардың бірін иеленеді. Елде вольфрамның 2 млн тоннадан астам қоры бар деп бағаланады.