Еңбек министрлігі елде қандай мамандар тапшы екенін айтты

Елде денсаулық сақтау саласында мамандар тапшылығы байқалады. Сондай-ақ жекелеген жұмысшы, техникалық және инженерлік мамандықтар бойынша да мамандардың жетіспейді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, биыл денсаулық сақтау саласында маман тапшылығы айқын байқалған. Мәселен, акушер-гинекологтарға арналған 469 бос жұмыс орнына небәрі 100 түйіндеме, бос тұрған 448 педиатрлардың орнына 139 түйіндеме, ал анестезиолог-реаниматологтардың 300 бос орнына 75 түйіндеме ғана тіркелген. Онколог, неонатолог және эндокринолог мамандарына да сұраныс жоғары.
Сонымен қатар жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне де сұраныс сақталып отыр. Жұмыс берушілерге білікті электриктер, механиктер, слесарьлар, дәнекерлеушілер, машинистер, жабдық операторлары, құрылысшылар мен жүргізушілер қажет. Осы орайда инженерлер мен өндірістік процестерді автоматтандыру жөніндегі мамандарға да қажеттілік артып келеді.
Бұл мамандарға сұраныс өнеркәсіптің дамуына, жаңа нысандардың салынуына, кәсіпорындардың жаңғыртылуына, көлік және энергетикалық инфрақұрылымның кеңеюіне байланысты. Қазіргі жұмыс берушілерден кәсіби біліктілікпен қатар заманауи технологияларды меңгеру де талап етіледі.
Сұраныс жоғары тағы бір бағыт – цифрлық технологиялар саласы. Еңбек нарығында бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілер, қолданбалы бағдарламаларды жасаушылар және басқа да IT-мамандар қажет. Автоматтандыру мен жасанды интеллектіні енгізу кәсіби қызметінде цифрлық құралдарды тиімді пайдалана алатын мамандарға деген сұранысты арттырып отыр.
Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 млн маман қажет болады. Оның жартысынан астамына деген сұраныс жұмысшы кәсіптеріне тиесілі. Бұл экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз етуде техникалық және кәсіптік білім берудің маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.
Еңбек нарығының қажеттіліктеріне сай кадрларды алдын ала даярлау мақсатында 2026 жылы ең сұранысқа ие мамандықтар тізімі 51-ден 174-ке дейін кеңейтілді. Тізімге инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және атом энергетикасы бағыттары енгізілді.
Кадрларға деген қажеттілікті болжау болашағы бар мамандықтарды алдын ала айқындауға, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және азаматтарға мамандық таңдау немесе кәсіби бағытын өзгерту кезінде саналы шешім қабылдауға көмектеседі.
Оқи отырыңыз: ең жоғары жалақы алатын мамандар белгілі болды