Қазақстанда қандай скринингтерден өтуге мемлекеттік кепілдік бар

Қазақстанда негізгі скринингтік тексерулер мемлекеттің әлеуметтік кепілдіктерінің есебінен жүргізіледі, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына қарағанда, бұл азаматтардың МӘМС мәртебесіне байланысты емес.
Скрининг – ауруларды ерте анықтауға арналған профилактикалық тексеру.
Қазақстанда жүрек-қан тамырлары ауруларын, қант диабетін, глаукоманы, сүт безі обырын, жатыр мойны обырын, колоректалдық обырды, В және С вирустық гепатитін, сондай-ақ белгіленген өлшемшарттарға сәйкес басқа да ауруларды ерте анықтау үшін скринингтік тексерулер жүргізіледі.
Жүрек-қан тамырлары ауруларын, қант диабетін және глаукоманы анықтауға арналған скринингтен 40-76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет өтеді.
Сүт безі обырын ерте анықтау үшін 40-76 жас аралығындағы әйелдер екі жылда бір рет маммографиядан өтеді.
Жатыр мойны обырына арналған скрининг 30-74 жас аралығындағы әйелдерге жүргізіледі. Тексеруден төрт жылда бір рет өту қажет.
Колоректалдық обырға арналған скринингтен 50-76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет өтеді.
«Тіркелген емханаңызға хабарласып, биыл қандай скринингтік тексерулерден өтуге құқылы екеніңізді нақтылаңыз. Медицина қызметкерлері тексеруден өту тәртібін түсіндіріп, қажет болған жағдайда қосымша зерттеулерге жолдама береді», – делінген ақпаратта.
Айта кететін жайт, қазақстандықтарға скрининг пен екпе туралы 1414 арқылы хабарланатын болады.