Жастар не жұмыс істемейді, не оқымайды: NEET санатының саны азайды 

Жарияланды
NEET санатына жататын жастар саны азайды /фото: shutterstock

Қазақстанда NEET санатына жататын, яғни оқымайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастардың үлесі төмендеп келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылы бұл көрсеткіш 7,1% болса, 2025 жылы 6%-ға, ал 2026 жылдың екінші тоқсанында 5,7%-ға дейін азайған, деп хабарлайды Kursiv.Media. 

15–34 жас аралығындағы осы санаттағы жастардың саны 2023 жылғы 394,2 мыңнан 2026 жылдың екінші тоқсанында 312,1 мың адамға дейін қысқарған.

Өңірлер бойынша көрсеткіштер әртүрлі. Мәселен, NEET жастарының үлесі Абай облысында 2,6% болса, Жетісу облысында 7,8%, Ұлытау облысында 7,7%-ды құраған. Ал жастар саны бойынша Алматы (33,7 мың адам), Түркістан облысы (31,4 мың адам) және Астана (28,9 мың адам) алдыңғы орында.

Жастар неге жұмыссыз

Еnergyprom.kz мәліметінше, NEET санатындағы жастардың барлығын жұмыс істеуге құлықсыз деп бағалауға болмайтынын айтады. Олардың қатарында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан, ауылдар мен шағын қалаларда тұратын, мүгедектігі бар немесе кәсіби дағдылары жеткіліксіз жастар бар. Жұмыс таба алмау, білім алу мүмкіндігінің шектеулі болуы да олардың еңбек нарығына араласуына кедергі келтіреді.

2026 жылдың екінші тоқсанында NEET санатындағы 312,1 мың жастың шамамен 108 мыңы ғана ресми түрде жұмыссыз деп танылған. Себебі жұмыссыз мәртебесін алу үшін адам жұмыс іздеуі қажет. Ал кейбір жастар жұмыс іздегенімен, мансап орталықтарына жүгінбейді.

Мамандардың назарын әсіресе 29–34 жас аралығындағы жастардың жағдайы аударып отыр. 2026 жылдың екінші тоқсанында осы топтағы 45,5 мың адам жұмыссыз болған. Бұл 16–34 жас аралығындағы жұмыссыз жастардың 42,1%-ын құрайды.

Мемлекеттік қолдау туралы ақпарат жеткіліксіз

Қазақстанда жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы» бағдарламалары және кәсіпкерлік бастамаларға арналған гранттар бар. Алайда көп жас бұл мүмкіндіктер туралы біле бермейді.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының мәліметінше, 2025 жылы сауалнамаға қатысқан жастардың 42–63%-ы жастар практикасы, гранттар және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары туралы естімеген. Ал мұндай бағдарламаларға нақты қатысқандардың үлесі небәрі 4% болған.

Сарапшылар жастарға арналған бағдарламалар туралы ақпаратты кеңінен таратуды, өтінім беру рәсімдерін жеңілдетуді, кәсіби қайта даярлау мүмкіндіктерін арттыруды және икемді жұмыспен қамту түрлерін дамытуды ұсынады.

«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Ділдәбек Дидарбек мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа осы санаттағы жастар бойынша сауал жолдаған.

Сондай-ақ оқыңыз