«Ақтөбе» футбол клубы айыппұл арқалаған жанкүйерлердің шығынын өтеп береді

«Ақтөбе» футбол клубы әкімшілік айыппұл салынған алты жанкүйер қыздың шығынын толық өтейтінін мәлімдеді. Бұл туралы клуб Instagram желісіндегі ресми парақшасында хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.
Клуб әлеуметтік желіде «Аруларымызды жалғыз қалдырмаймыз» деген жазба жариялап, айыппұл алған жанкүйерлерге қолдау білдірді.
«Ақтөбе футбол клубы үшін әр жанкүйердің орны бөлек. Айыппұл алған алты аруымыздың да шығынын «Ақтөбе» футбол клубы толықтай өтеп береді», – делінген клуб мәлімдемесінде.
Сондай-ақ клуб өкілдері жанкүйер қыздар қателіктерін түсінгенін және алдағы уақытта тәртіп сақтауға уәде бергенін жеткізді.
«Қаракөздеріміз қателескен тұсын толықтай түсінді. Алдағы уақытта да командаға қолдау білдіріп, келесі жолы бәрі ережеге сай болады деп уәде берді. Жанкүйерлер – біздің мақтанышымыз!», – деп жазды клуб.
«Ақтөбе» жанкүйерлерге үндеу жасады
Бұған дейін клуб ресми парақшасында футболдағы өзара сыйластық пен спорттық әдеп мәселесіне қатысты мәлімдеме жариялаған.
«Біз – «Ақтөбе» футбол клубы қашан да футбол әлеміне үлкен құрметпен қарайтын, жанкүйерлері мен футболшылары әр ұлт пен нәсілге құрмет көрсете білетін, ауызбіршілігі мол ұжымбыз. Біздің команда – ұлтаралық достықтың айқын дәлелі», – делінген жазбада.
Клуб жекелеген жанкүйерлердің көзқарасы команданың ресми ұстанымы болып саналмайтынын атап өткен.
Сондай-ақ футбол алаңында алауыздыққа жол берілмеуі керектігін ескертіп, жанкүйерлерді өзара сыйластық пен спорттық әдепті сақтауға шақырған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбе полициясы «Ақтөбе» мен «Ордабасы» командалары арасындағы футбол матчында жағымсыз мазмұндағы плакат ұстаған кәмелетке толмаған алты қыздың ата-аналарын әкімшілік жауапкершілікке тартқан еді.