Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтан тыс елдерге битум сатуға ниетті

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтан (ЕАЭО) тыс елдерге битум сатуға ниетті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Энергетика министрлігі осындай өзгеріс қарастырылған тиісті бұйрық жобасын қоғамдық талқыға шығарды.
Қазір Қазақстанда жол битумын ЕАЭО-дан сырт нарыққа шығаруға тыйым салынған. Алайда министрлік мұнай өнімдерінің бұл түріне рұқсат беруді ұсынып отыр.
Министрліктің түсіндіруінше, жол битумын тұтыну маусымдық сипатқа ие, сонымен қатар отандық кәсіпорындарда бос өндірістік қуат бар.
Маусымаралық кезеңде артық өнімді кедендік аумақтан тыс жерлерге экспорттауға мүмкіндік беру мұнай өңдеу зауыттарының (МӨЗ) тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, өнімнің артық жиналуына жол бермеуге көмектеседі.
Қазақстанда «Caspi Bitum», Павлодар мұнай-химия зауыты, «Qazaq Bitum» және «Асфальтобетон-1» кәсіпорындары жылына 1,6 млн тонна битум шығарады.
Биыл Қазақстанның ішкі нарығының бұл өнімге деген қажеттілігі шамамен 1,1 миллион тоннаны құрап отыр.
2025 жылы битум әлемдік нарықта қымбаттаған тауарлардың қатарына енді.