Еуропадағы бүліктің астарында не жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Францияның Париж, Лион, Ницца және Лилль сияқты бірқатар қаласында коменданттық сағат енгізілді, деп хабарлайды Kursiv.media.

Euronews ақпаратына қарағанда, өткен демалыс күндеріндегі тәртіпсіздіктерден кейін премьер-министр Себастьен Лекорню осындай  тапсырма берген.

3000-нан астам сауда нысаны бүлінген

Парижде шектеу Республика алаңы мен Ле-Аль сауда ауданында сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін күшінде болды. Осындай шаралар Лион, Ницца, Лилль және Дуэ қалаларының кейбір аудандарында да қолданылды. Бірқатар жерде наразылық акцияларын өткізуге тыйым салынды.

Лионда бүлікшілер Белькур алаңындағы туристік кеңсені өртеп, көптеген дүкенді қиратқан. Қала мэрі Грегори Дусе тәртіпсіздікке бейбіт шерушілер емес, радикалды топтар кінәлі екенін айтты. 3000-нан астам сауда нысаны бүлінген.

Ескі демократия дағдарысқа түсті

Саясаттанушы Серік Белгібаевтің пікірінше, түйткіл бүгін пайда болмаған. Бұл – бұрыннан түйіні тарқатылмай, қордаланған мәселенің салдары.

«Ғалымдар мұны көп жылдардан бері айтып келген еді. Батыс әлемінде әлеуметтік жіктелу үдерісі ашық көрініс берді. Халықтың табысы өспей жатыр. Бірақ әлеуметтік теңсіздік күшейген. Мәселен, 90-жылдары өмір сүріп, жұмыс істеген адамдар өздері пәтер, көлік сатып алуға мүмкіндігі болды. Ал қазіргі жастар негізгі нәрселерге қол жеткізе алмай отыр», – дейді сарапшы.  

Саясаттанушының айтуынша, бұл – қоғамның өзгергенін көрсететін фактор. Орта таптың табысы тоқтаған, алайда жоғары таптың табысы еселену үстінде. Наразылық қордаланып жатыр.

Ұлыбританияда да наразылық бұрқ етуі ықтимал

«Бұл ескі демократияға тән үрдіске айналып отыр. Атап айтқанда, олар – АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Германия. Шығыс Еуропа елдерінде едеуір экономикалық өсім бар. Мұндай дағдарысты әлі сезініп отырған жоқ. Оның үстіне, популизм күшейген. Оңшыл қозғалыстардың, радикалды солшыл сектордың күш алуы – осының айғағы. Сондықтан бұрын мейнстримде болмаған саяси қозғалыстар белең алды», – дейді Серік Белгібаев.

Саясаттанушының пікірінше, ағымдағы жағдай бұл мәселені тереңдете түскен. Иран дағдарысының әсері батыс азаматтарының қалтасына жетті. Франция мен Италиядан бөлек, Ұлыбританияда да наразылық бұрық етуі кәдік.  Өйткені, бұл елде де дәл осындай мәселелер бар.

Жәрдемақы ақшасы қаруға жұмсалып жатыр

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның пікірінше, Францияда, жалпы, Еуропада Украинадағы соғыстың кесірінен экономикалық ахуал ушыққан.

«Бюджеттен Укриананы қолдауға қаражат бөлінеді. АҚШ-тан қару-жарақ сатып алып жатыр. АҚШ бас тартқан соң, енді олар НАТО-ға да бюджеттен қаржы бөлуі тиіс. Бұл ақша бұрын әлеуметтік блокқа бөлініп келген еді. Қазір әлеуметтік жәрдемақылар азайып жатыр. Қаражат әскери қажеттілікке жұмсалуда. Германияның бюджеті үшін де 5 пайыз – көп ақша. Бұл елде де қазір қысқарту жүріп, наразылық артып келеді», – дейді сарапшы.

Таяқтың екі ұшы бар

Толғанай Үмбетәлиеваның айтуынша, Германия және Франция секілді іргелі елдерде экономикалық дағдарыс басталса, олар Еуроодақтың ішіндегі орта және кіші елдерді де айналып өтпейтіні түсінікті.

«Германия қазір Қытай автопромынан ұтылып жатыр. Көп автозауыттары банкротқа ұшырады. Өйткені, олар атом электр қуатынан бас тартып, басқа елден үш есе қымбатқа сатып алып отыр. Әрине, басты мәселе – мұнай-газ бағасы. Ресейге салынған санкцияның бір ұшы айналып келіп, өздеріне тиюде. Өздері де шығынға батып, дағдарысқа ұшырады», – дейді саясаттанушы.  

Айта кететін жайт, 17 қазанда Францияның бірнеше қаласында қымбатшылыққа қарсы жаппай наразылық өтті. Оған шамамен 500 мыңнан 800 мыңға дейін адам қатысқан.

Сондай-ақ оқыңыз