Жазадан құтылған рэпер NAVAI қайта Қазақстанға кіре ала ма

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
рэпер NAVAI
фото: NAVAI инстаграм парақшасынан

Қазақстанда рэпер Navai-ға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Алайда бұл оның ақталғанын білдірмейді дейді белгілі заңгер Сергей Жорин. Оның түсіндіруінше, енді әртіс елге бес жылға дейін кіре алмауы мүмкін, деп жазады Kursiv.Media. 

20 қазанда Жамбыл облысының полициясы рэперге қатысты қылмыстық істің ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылғанын хабарлаған еді. Шешім қабылдағанда Наваи Бакировтың құқық бұзушылықты алғаш рет жасағаны және кінәсіне өкініш білдіріп, оны мойындағаны ескерілген. Прокуратура бұл шешімді мақұлдады.

«Бұл Қазақстандағы қылмыстық қудалаудың тоқтатылғанын білдіреді. Бірақ оның ақталғанын немесе кінәсіз деп танылғанын білдірмейді. Сонымен қатар соттың айыптау үкімі шықпағандықтан, әншінің осы іс бойынша соттылығы жоқ», – деді Сергей Жорин.

Бірақ әртіс Қазақстанға қайта келу-келмеуі елден шығарып жіберу туралы шешімге байланысты. Заңгер түсіндіруінше, «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 48-бабында сот шешімімен елден шығарылған шетел азаматтарына Қазақстанға бес жыл бойы кіруге тыйым салынатыны жазылған. Бұл мерзім елден шығару туралы шешім орындалған күннен бастап есептеледі.

«Егер Бакировқа қатысты елден шығару туралы сот шешімі қабылданған болса, ол алдағы бес жылда Қазақстанға келе алмайды. Оның ішінде концерт қою үшін де кіре алмайды», – деп түсіндірді заңгер.

Ресейде оған қатысты қайтадан іс қозғалуы мүмкін бе?

Жориннің айтуынша, Қазақстанда істің тоқтатылуы Ресейде автоматты түрде жаңа қылмыстық іс қозғауға негіз болмайды. Дегенмен Ресей Қылмыстық кодексінің 12-бабы Ресей азаматтарын шетелде жасаған қылмыстары үшін жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Бұл үшін сол әрекетке қатысты шетелдік соттың шешімі болмауы керек.

«Теориялық тұрғыдан мұндай мүмкіндік бар. Бірақ ол үшін жеке процессуалдық негіздер мен тиісті дәлелдер қажет», – деп атап өтті Сергей Жорин.

14 қазанда Жамбыл облысының «Қордай» өткізу бекетінде Navai есірткі контрабандасына күдікті ретінде ұсталды. Оның автокөлігінен 2,5 грамм марихуана табылған. Кейін оның екі айға қамалғаны хабарланды.

Бірақ 16 қазанда Ресей консулдығы рэпер NAVAI-дың ұсталуына қатысты Қазақстанға нота жіберді. Ресей дипломатиялық өкілдігі ресми хатта музыкант не себепті ұсталғанын және оның қазіргі жағдайын түсіндіруді сұраған.

Осы жағдайдан соң үш күннен кейін әртіске қатысты қылмыстық іс тоқтап, елден шығып кетті.

Сондай-ақ оқыңыз