Депутаттар жәрдемақыдан бас тарта ма – Наурыз Сайлаубай жауап берді

Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай «тегін пәтерде тұратын депутаттар жәрдемақыдан бас тарта ма?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Kursiv.media.
«Қазір 145 депутаттың ішінде өңірден келгендер де бар. Олардың Астанада пәтері болмауы мүмкін. Нұрсаядағы үйлер депутаттар қоян-қолтық жұмыс істеуі үшін беріледі. Ал көлікке келсек, А нүктесінен В нүктесіне жету үшін ғана шақырылады. Ол күтіп тұрады деген сөз жоқ. Басқа депутаттар үшін жауап бере алмаймын. Астанада өзімнің үйім жоқ. Мемлекет тарапынан берген үйде тұрып жатырмын. Коммуналдық қызметтерді өзіміз төлейміз. Айына 50-60 мың теңге шығады. Ол пәтердегі әрбір затқа жауап бересің. Сол қалпы тапсыруың керек», – деді Сайлаубай Құрылтай кулуарында.
Депутаттың айтуынша, оның отбасы мемлекеттен ешбір жәрдемақы алмайды.
«Қателеспесем, жәрдемақылардан шамамен 702 миллиард теңге қысқарту көзделген. Бұл да аз ақша емес. Ол қаражаттың барлығы басқа салаларға бағытталады. Экономиканы тұрақтандыруға, дамытуға жұмсалады. Медицина орталықтарын, мектептерді салу мәселелері де көтеріліп жатыр. Мектеп құрылысы жергілікті бюджеттің есебінен қаржыландырылады. Ал жол салу және басқа да ірі жобаларға қатысты мәселелерді Құрылтаймен келісіп, тиісті тәртіппен қарастырып жатырмыз»,- деді депутат.
Тағы да оқыңыз: Жәрдемақы есебінен бюджет қаражаты 702 млрд теңгеге қысқартылады