Зейнетақы жинағын жеке компанияларға сеніп тапсыратындар қатары 5 есе артты

Жарияланды 21 Қазан 2026 10:30

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Зейнетақы жинағын жеке басқарушыларға тапсыратындардың қатары артты / Фото: shutterstock

Қазақстандықтар зейнетақы қаражатын БЖЗҚ-дан жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) қарқынды аудара бастады. Қыркүйекте халық жеке компаниялардың басқаруына өз жинағынан 58,3 миллиард теңге аударған. Бірінші несие бюросы сарапшыларының есебі бойынша, бұл тамыз айымен салыстырғанда 5,1 есе көп. Қазір жеке компаниялардың басқаруына 205,8 млрд теңге зейнетақы жинағы берілген.

Ақша көлемімен қатар, аударымдар саны да 5,1 есе көбейіп, 39,8 мыңға жетті. Ал ақшасын аударған салымшылардың саны 36,7 мың адамды құрады. Бір адам бірнеше басқарушы компанияны таңдай алатындықтан, орта есеппен бір салымшыға 1,1 аударымнан келді.

Бұл үрдіске заңнамадағы соңғы өзгерістер тікелей әсер еткен. Маусым айында зейнетақы жинағын баспана мен емделуге пайдалану шегі күрт өсті.

Оған қоса 7 қыркүйектен салымшыларға зейнетақы жарналарын 100 пайыз жеке компанияларға аударуға рұқсат берілді.

Бұл ретте жеке басқарушы компаниялар салымшыларға тәуекелі, кірістілігі мен мерзімі бойынша әртүрлі инвестициялық стратегияларды ұсынады. Олар белгіленген көрсеткішке қол жеткізе алмаған жағдайда, салымшыларға айырмашылықты өз қаражатынан өтеуге міндетті. Осы тиімді шарттар зейнетақы жинағын жеке компанияларға сеніп тапсыратындардың қатарын арттырып отыр.

Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 28,4 трлн теңгеден асты. Оның басым бөлігін, яғни 28,2 трлн теңгесін Ұлттық банк басқарады.

Сондай-ақ оқыңыз