
Қазақстан мен Өзбекстан кеден қызметтері өкілдіктерін ашып, өзара сауда мен шекарадан өту рәсімдерін жеделдетуді көздеп отыр. Құрылтай екі ел үкіметтері арасындағы тиісті келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Kursiv.media.
Келісімге 2025 жылғы 15 қарашада Ташкентте қол қойылған. Құжат жедел ақпарат алмасуды, ықтимал қатерлердің алдын алу және жолын кесу шараларын келісуді, сондай-ақ екі мемлекеттің құзыретті органдарының жұмысын үйлестіруді көздейді.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, келісім кеден саласындағы өзара іс-қимылдың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін нығайтуға мүмкіндік береді.
Оның сөзінше, құжатты іске асыру кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттырып, экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға және екі ел арасындағы сауданы дамытуға ықпал етеді.
Министр Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмысына да тоқталды. Оның мәліметінше, екі ел шекарасында 11 өткізу пункті бар. Оның сегізі автомобиль, үшеуі теміржол өткізу пункті.
2025 жылы «Қапланбек», «Қазығұрт» және «Атамекен» өткізу пункттерін реконструкциялау аяқталған. Алдағы уақытта «Жібек жолы» өткізу пунктін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Мәди Тәкиевтің айтуынша, өткізу пункттерін жаңғырту жолдардың өткізу қабілетін арттырып, жүк және автомобиль көлігінің қозғалысын жеделдетуге мүмкіндік берген. Тек тоғыз айда 650 мыңнан астам жүк көлігі өткізілген.
«Келісімді іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша шығын талап етпейді, сондай-ақ кеден саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігі туындамайды. Келісім мемлекеттік бюджет кірісіне де кері әсер етпейді»,- деді министр.
Жалпы, келісім Қазақстан мен Өзбекстанның кеден қызметтері арасындағы байланысты нығайтып, тауарлар мен көлік құралдарының, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік шекарадан өтуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Оқи отырыңыз: Қазақстан Орталық Азия елдеріне не сатады, не сатып алады