Астанада есірткі қосылған печенье сатқан интернет-дүкеннің қызметкерлері ұсталды

Астанада «Пепе» интернет-дүкені арқылы есірткі таратқан бес ер азамат ұсталды. Олар алма пішіндес кондитерлік өнімнің ішіне есірткі салып сатқан. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция 238 дана «ерекше» кондитерлік өнімді тәркіледі, деп хабарлайды Kursiv.Media ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп, оқиғаға қатысы бар деген күдікпен жалдамалы пәтерлерден жасы 30-дан асқан бес ер адамды ұстады.
Қылмыстық сызба «ұйымдастырушы – буып түюші – қоймашы – есірткі жасырушы» иерархиясы бойынша әрекет еткен.
Фигуранттар тәулік бойы есірткі тұтынушыларды марихуана, гашиш, каннабис шайыры және тағы да басқа каннабис тобының есірткілерімен қамтамасыз еткен.
«Ұсынылған ассортиментте каннабис шайыры салынған печеньелер болған. Әрқайсысының салмағы 100 граммнан болатын 238 дана ерекше кондитерлік өнім тәркіленді. Күдіктілердің тұрғылықты жерлері бойынша жүргізілген тінту іс-шаралары барысында 12 кг-ға жуық түрлі есірткі заттары, оның ішінде 8 кг-нан астам марихуана, 1,5 кг гашиш және 2 кг каннабис шайыры тәркіленді», – деп хабарлады ведомство.
Бұдан бөлек, ірі көлемдегі қолма-қол ақша, банк карталары, ұялы телефондар, электронды таразылар, брикеттер, вакуумдау мен өлшеп-орауға арналған құрылғылар, түрлі-түсті оқшаулағыш таспалар және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Ұсталғандарға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер қамауға алынды.
Бұған дейін Алматыда аялдамаға есірткі сататын интернет-дүкенді жарнамалайтын стикерлер жапсырған әйел ұсталған.