
Қазақстан мен Пәкістан кедендік ақпарат алмасуды жеделдетіп, контрабандаға қарсы бірлескен күресті күшейтеді, деп хабарлайды Kursiv.media.
Екі ел кеден заңнамасын бұзудың алдын алу, контрабандаға қарсы күрес және кедендік ақпарат алмасу бағытында ынтымақтастықты нығайтады.
Құрылтай Қазақстан мен Пәкістан арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара әкімшілік көмек туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заңды қабылдады.
Келісімге 2026 жылғы 4 ақпанда Исламабадта екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік жөніндегі құжаттарға қол қою аясында қол қойылған. Заң жобасы биыл 30 маусымда енгізілген.
Құрылтай депутаты Бөріхан Нұрмұхамедовтің айтуынша, құжат Қазақстан мен Пәкістанның кеден органдары арасындағы өзара іс-қимылдың құқықтық негізін қалыптастырады.
«Оның практикалық маңызы тауарлардың кедендік құны мен шығу тегі туралы ресми сұрау салып, растайтын құжаттар мен қажетті ақпаратты алу мүмкіндігі», – деді депутат.
Келісім аясында тараптар кеден заңнамасын бұзудың алдын алу, мұндай құқық бұзуларды тергеу және жолын кесу бойынша өзара көмек көрсетеді. Сондай-ақ экспорттық және транзиттік декларациялар, оның ішінде күдік тудыратын декларациялар туралы ақпарат алмасады.
Бұдан бөлек, екі елдің кеден органдары тәуекелдерді басқару жүйелерін үйлестіруге, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.
Құжат есірткі құралдары мен прекурсорлардың, контрафактілік өнімдердің және өзге де тыйым салынған заттардың контрабандасына қарсы бірлесіп күресудің нормативтік негізін қалыптастырады.
Өзара іс-қимыл сұраныс пен жауап беру тәртібі бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте тараптар алынған ақпараттың құпиялылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.
Депутаттың сөзінше, қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан үшін сауда және көлік-логистикалық бағыттарды әртараптандыру маңызды. Ол үшін транзиттік инфрақұрылымды дамытумен қатар, құқықтық нормалар мен кедендік рәсімдерді де үйлестіру қажет.
Келісімді ратификациялау екі ел арасындағы сауданы жеңілдетіп, кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ транзиттік-логистикалық әлеуетті нығайтуға мүмкіндік береді. Депутаттар заң жобасы екі оқылымда да мақұлдады.
Сондай-ақ депутаттар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кедендік ынтымақтастықты күшейту жайлы заңды мақұлдады.