27 мың отбасы апатты үйде тұрады: депутат реновацияны әкімдіктерге тапсыруды ұсынды

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Қазақстанда апатты деп танылған және тозығы жеткен баспана мәселесі ушығып барады. Бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламалардың баяу орындалуы депутаттар мен құрылыс саласы сарапшыларының сынына ұшырады.

Құрылтай депутаты Әмірбек Оспанбеков осы мәселені көтеріп, Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Сауалда елдегі 61 367 көппәтерлі тұрғын үйдің 1 037-сі апатты жағдайда тұрғанын, ал 3 347 үйдің әбден тозығы жеткенін айтады. Бұл 27 мыңға жуық отбасының баспанасы қауіпті дегенді білдіреді.

Соңғы үш жылда өңірлерде 352 апатты үй бұзылып, орнына 200 жаңа үй салынғанымен, бұл көрсеткіш жалпы тұрғын үй қорының бары-жоғы 0,3 пайызын ғана қамтиды.

2026-2029 жылдарға арналған реновация жоспары да өңірлерде өте баяу жүріп жатыр. Депутаттың мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында 334 апатты үйдің ішінен тек 3 үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланған.

Ақмола, Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында апатты үйлер 2 пайыздан басталып, 19 пайызға дейін ғана жаңартылады.

Басқа өңірлерде бұл көрсеткіш 20-75 пайыз аралығында болса, тек Астана қаласы, Жамбыл және Павлодар облыстарының әкімдіктері мәселені 2029 жылға қарай жергілікті бюджет пен жеке инвесторлар есебінен толық шешуге дайын.

Ал құрылыс сарапшысы Диляра Сейітнурова ескі үйлерді бұзу кезінде бүкіл пәтер иелерінің 100 пайыз келісімін талап ету ережесі реновацияға кедергі келтіріп отырғанын алға тартады.

Қазiргi заң бойынша жалғыз тұрғынның қарсылығы бүкіл үйді жаңартуға кедергі келтіретіндіктен, сарапшы бұл талапты көпшілік дауыс принципіне ауыстыруды ұсынады.

Сарапшының есебінше, елде 4,2 мыңнан астам апатты және ескі үй бар. 2026 жылға 224 үйді бұзу жоспарланса, шілде айының соңына дейін оның 44-і ғана сүрілген.

Жылына 224 үйден бұзылса, бүкіл қорды жаңартуға 19 жыл қажет болатындықтан, 2029 жылға дейін үлгеру үшін жұмыс қарқынын 6 есе арттыру керек. Осыған байланысты бағдарламаның аяқталу мерзімі 2030 жылдардың басына ысырылуы мүмкін.

Апатты үйлерде өрт қаупі өте жоғары екенін ескерткен депутат Әмірбек Оспанбеков Үкімет жанынан Құрылтай депутаттары мен әкімдердің қатысуымен арнайы Комиссия құруды ұсынды.

Сондай-ақ тұрғындарды көшіру жол картасын әзірлеу және реновация бағдарламасының орындалуын әкімдердің жұмыс сапасын бағалау рейтингіне енгізу керек деп пайымдайды.

Бұған дейін Ranking.kz талдау орталығы елдегі 50 мың адам апатты үйлерле тұратынын жазған.

Сондай-ақ оқыңыз