Өзбекстанда ескі көліктер арзандап жатыр: Қазақстанда ше

Өзбекстанда ескі көліктердің саудасы бәсеңдеп, сатып алушылар азайып барады. Сатушылар бұрынғы бағамен көлік өткізу қиындағанын айтады. Бұған Қытайдан келетін электромобильдер мен гибридтердің көбеюі, бәсекенің күшеюі және жергілікті өндірушінің жеңілдіктері әсер етіп отыр. Бұл туралы «Азаттық Азия» жазды.
Көліктер неге арзандап жатыр
Басты себептердің бірі – нарықтағы таңдау көбейді. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында Өзбекстанға шамамен 79 мың жеңіл көлік импортталған. Оның 55 мыңға жуығы – электромобиль, тағы 11 мыңнан астамы – гибрид.
Гибрид көліктердің импорты бір жылда бес есеге жуық өскен. Электромобиль жеткізілімі де артқан. Соның салдарынан сатып алушылардың таңдауы кеңейіп, көлік сатушылар арасындағы бәсеке күшейді.
Импортталған көліктердің орташа құны да төмендеген. Бір жылда гибридтер шамамен 11,4%-ға, электромобильдер 9,5%-ға, бензинмен жүретін көліктер 7,2%-ға арзандаған.
Бұған қоса, Өзбекстанның ірі өндірушісі UzAuto Motors Chevrolet Cobalt, Onix және Tracker модельдеріне жеңілдіктер мен несие бағдарламаларын ұсынған. Жаңа көлікті тиімді шартпен сатып алуға мүмкіндік туғандықтан, ескі көлік сатушыларға да бағаны қайта қарауға тура келіп отыр.
Қазақстанда көліктер арзандап жатыр ма
Қазақстанда да жүрілген көлікті сату қиындады. Алайда нарықтағы жағдай Өзбекстандағыдай емес.
Қыркүйек айында Алматыдағы екінші нарықты зерттеген автокөлік маманы Владислав Жуковтың айтуынша, жақсы күйдегі көліктер бағасын сақтап отыр, ал техникалық ақауы бар машиналардың құны төмендеген. Оның бағалауынша, Қазақстанда ескі көліктер жаппай арзандаған жоқ, нарық біршама тұрақталған.
Сонымен бірге Қазақстанда жаңа көліктерге сұраныс сақталып отыр. Қазақстанның Автокөлік Одағының мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйекте ресми дилерлер 19 309 жаңа жеңіл және коммерциялық көлік сатқан. Бұл былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда 5,2%-ға көп.