Ақтөбедегі тау-кен байыту комбинатында шахтер қайтыс болды

Ақтөбедегі Дөң тау-кен байыту комбинатында шахта ұңғылаушысы қайтыс болды, деп жазады Kursiv.Media «Қазхром» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Компания ұсынған ресми дерекке сүйенсек, 24 жастағы жұмысшы шахтада қауіпсіздік бекітпесін орнатып жатқанда тау жынысы опырылған. Төтенше жағдай 20 қазанда болған.
«Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Компания басшылығы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Компания отбасына қажетті көмек көрсетеді», – деп жазылған ресми хабарламада.
Қазір оқиға болған учаскедегі жұмыс тоқтатылды. Комбинаттың барлық учаскесінде жоспардан тыс тексеру жүріп жатыр. Арнайы тергеп-тексеру жүргізу үшін Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен комиссия құрылады.
«Дөң тау-кен байыту комбинаты» – Ақтөбе облысының Хромтау қаласында орналасқан, хром кенін өндірумен және байытумен айналысатын кәсіпорын. 1938 жылы құрылған комбинатта 8 мың адам еңбек етеді. Ол «Қазхром» трансұлттық компаниясының құрамына кіреді.
Оқи отырыңыз: Ұлытауда қайтыс болған шахтерлердің отбасына қандай көмек беріледі