«Әрбір голымды аяғы ауыр әйеліме арнаймын»: Марк Гуаль «Панатинаикоспен» ойын алдында

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: Қайрат футбол клубы

​«Қайраттың» испаниялық шабуылшысы Марк Гуаль ресми баспасөз мәслихатында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сұхбат берді. Бұл кездесу УЕФА Конференция лигасындағы грекиялық «Панатинаикосқа» қарсы өтетін маңызды матч алдында ұйымдастырылды, деп жазады Kursiv.Media.

«Стадионда 100 адам болса да, өз жұмысымды жасаймын»

Баспасөз жиынында шабуылшы трибунадағы жанкүйерлер санына қарамастан, алаңда бар күшін салатынын жеткізді.

«Стадионда мүмкіндігінше көп жанкүйеріміз болғаны және олардың бізді қолдағаны – біз үшін әлдеқайда жақсы. Бірақ бұл – мен әсер ете алмайтын, ештеңе жасай алмайтын мәселе. Мен тек алаңдағы өз жұмысыма ғана толықтай назар аударуым керек. Стадион лық толады деп үміттенемін, бірақ қалай болғанда да, стадионда 10 000 адам болсын немесе 100 адам болсын, мен өз жұмысымды атқара беремін», – деді.

Голды тойлау дәстүрі

Журналистердің «Ертеңгі ойында гол соқсаңыз, оны қалай тойлайсыз?» деген сұрағына Марк Гуаль ерекше тебіреніспен жауап беріп:

«Маусым бойы байқаған болсаңыздар, мен әрбір соққан голымды аяғы ауыр әйеліме арнаймын. Ол да бұл жерде, менің қасымда. Бұл – мен үшін де, ол үшін де өте ерекше кезең. Сондықтан бұл жолы да әдеттегідей голымды оған арнаймын. Еурокубоктегі өз алаңымыздағы бұл матч біз үшін өте маңызды», – деді.

Айта кетейік, УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі екінші турда алматылық «Қайрат» Грекияның «Панатинаикос» клубын қабылдайды. Кездесу 22 қазанда Алматының Орталық стадионында өтіп, сағат 19:30-да басталады.

Бұған дейін «Қайрат» – «Панатинаикос» матчына билеттер сатылымға шыққаны хабарланған еді.

Сондай-ақ оқыңыз