Назарбаев Зияткерлік мектептеріне бюджеттен қанша қаржы бөлінді

2026 жылы Назарбаев Зияткерлік мектептеріне республикалық бюджеттен 43,4 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Осы ретте Kursiv.Media НЗМ жүйесінде қанша мектеп бар, онда қанша бала оқиды және бюджеттен бөлінетін қаржы нақты не үшін берілетініне шолу жасады.
НЗМ-ге биыл қанша ақша бөлінеді?
Оқу-ағарту министрлігінің «Ашық бюджет» порталындағы жаңартылған бюджеттік бағдарламасына сәйкес, 2026 жылы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға 43,398 млрд теңге қарастырылған. Бұл – 004 «Сапалы мектеп біліміне қолжетімділікті қамтамасыз ету» бағдарламасының 101 кіші бағдарламасы.
Соңғы жылдары мемлекеттік білім беру тапсырысына жұмсалған қаржы былай өзгерген.
Назарбаев Зияткерлік мектептеріне қанша қаржы бөлінеді?
Мемлекеттік білім беру тапсырысы, млрд теңге
43,4 млрд ₸
Осылайша, 2026 жылғы қаржыландыру 2022 жылмен салыстырғанда шамамен 8 млрд теңгеге немесе 22%-ға көбейген. Ал 2025 жылмен салыстырғанда биылғы жоспар шамамен 4 млрд теңгеге, яғни 10%-ға жоғары. 2027 жылға – 44,15 млрд, 2028 жылға 44,69 млрд теңге жоспарланып отыр.
Қазақстанда қанша Назарбаев Зияткерлік мектебі бар?
NIS-тің ресми порталында қазіргі уақытта 21 Назарбаев Зияткерлік мектебі көрсетілген. Бұдан бөлек NIS жүйесінде үш халықаралық мектеп бар. Портал мәліметінше, жалпы жүйеде 20 034 оқушы білім алса, 2 616 педагог жұмыс істейді. НЗМ-ді осы уақытқа дейін 23,7 мыңнан астам түлек аяқтаған.
Зияткерлік мектептер Астана, Алматы, Шымкент және бірқатар облыс орталықтарында орналасқан. Астана мен Шымкентте екі НЗМ-нен бар. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі NIS хабарламасында жаңа оқу жылы 21 Назарбаев Зияткерлік мектебінде басталғаны көрсетілген. Сол оқу жылында 7-сыныпқа «Өркен» грантымен тағы 2 814 оқушы қабылданды.
Бұл жерде бір маңызды айырмашылық бар. NIS порталы бүкіл мектеп жүйесінде 20 мыңнан астам бала оқитынын көрсетсе, бюджеттік бағдарламадағы мемлекеттік тапсырыстың есептік көрсеткіші басқа. 2026 жылы НЗМ мен оның жатақханаларында мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім алатын оқушылардың жылдық орташа саны 16 665 адам деп алынған.
Бір оқушыға қанша қаржы кетеді?
Егер 2026 жылға бөлінетін 43,398 млрд теңгені бюджеттік бағдарламада көрсетілген 16 665 оқушыға бөлсек, бір оқушыға жылына орта есеппен шамамен 2,6 млн теңгеден келеді. Бір айға шаққанда – шамамен 217 мың теңге.