Грекияда оқушылар мен мұғалімдер жаппай наразылыққа шықты

Грекияда оқушылар, студенттер мен оқытушылар жаппай наразылық акцияларын өткізіп жатыр, деп хабарлайды Kursiv.media.
Наразылық білдірушілер мемлекеттік білім беру саласына құйылатын қаржыны арттыру, мектептердегі кадр тапшылығын жою, мұғалімдердің жалақысын көтеру мен оқу ғимараттарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етіп жатыр. Сондай-ақ студенттер жоғары оқу орындары арасында ауысу мүмкіндіктерін кеңейтуді сұрап отыр.
Елдің 50-ден астам қаласында әр уақытта митингілер өткізу жоспарланған. Афинада қоғамдық тәртіпті сақтау үшін шамамен 3 мың полиция қызметкері жұмылдырылады.
Оқушылар сыныптардағы бала санын көбейтуге қарсы. Олардың мәліметінше, кейбір сыныптарда 25–27 оқушыдан білім алады. Наразылық білдірушілер сыныптағы оқушылар санын 15-пен шектеуді талап етіп отыр.
Бұдан бөлек, олар мектеп асханаларындағы азық-түлік бағасының қымбаттығына шағымданады. Оқушылар тегін тіскебасар таратуды және азық-түлікке салынатын қосылған құн салығын алып тастау арқылы өнім бағасын төмендетуді ұсынады.
Мектеп экскурсияларын ұйымдастырудың жаңа тәртібі де наразылық тудырған. Оқушылардың пікірінше, жаңа талаптар экскурсия өткізуді қиындатып, мұғалімдердің жүктемесін арттырған. Сонымен қатар олар мектеп ғимараттарының жағдайына назар аударуды талап етеді.
Наразылыққа қатысушылар мектептерде психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен медбикелердің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ қосымша оқу бағдарламаларын кеңейтуді сұрап отыр.
Акцияларға мемлекеттік сектордың басқа да қызметкерлері қосылды. Мемлекеттік қызметкерлер кәсіподақтарының жоғары әкімшілік кеңесі (ADEDY) бүгін үш сағаттық ереуіл жариялады. Грекия аурухана дәрігерлері қауымдастықтарының федерациясы да жалпыұлттық ереуілге қатысып жатыр.
Грекияның бастауыш сынып мұғалімдері федерациясы 24 сағаттық ереуіл жариялады. Ал орта мектеп мұғалімдерінің OLME федерациясы бірнеше сағатқа жұмысты тоқтатып, жергілікті кәсіподақ ұйымдарын да ереуілге қосылуға шақырды.
Студенттерді алаңдататын негізгі мәселелердің бірі – оқу мен тұру шығындарының қымбаттығы. Жоғары оқу орындарында білім алушылар ата-анасынан бөлек тұруға байланысты жалдау ақысының, тамақ пен көлік шығындарының ауыртпалығын айтып отыр.
Тағы да оқыңыз: Еуропадағы бүліктің астарында не жатыр