Павлодар тұрғыны жер теліміне қатысты қала әкімдігін сотқа берді

Павлодар тұрғыны саяжай учаскесіне жеке үй салу үшін оның нысаналы мақсатын өзгертуді сұраған. Алайда тиісті органның бас тартуымен келіспеген ер адам қала әкімдігіне қарсы сотқа жүгінді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
2026 жылғы наурызда ер адам Павлодардың солтүстік бөлігіндегі «Ертіс» бау-бақша қоғамдастығынан жер телімін сатып алған. Бірнеше аптадан кейін ол учаскенің нысаналы мақсатын жеке үй салуға өзгерту туралы өтінішпен жер қатынастары бөліміне жүгінген. Бірақ одан бас тартылған.
Осы шешіммен келіспеген павлодарлық соттан бас тартуды заңсыз деп тануды, күшін жоюды және әкімдікті өтінішін қанағаттандыратын әкімшілік акт қабылдауға міндеттеуді сұраған.
Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты талап арызды қанағаттандырды. Сот әкімдік шешімін заңсыз деп танып, жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы акт қабылдауды міндеттеді.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сұралған нысаналы мақсат Павлодар қаласының бас жоспарына сәйкес келеді. Ал Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 109-бабына сәйкес, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы болмаған жағдайда қолданыстағы бас жоспар басшылыққа алынуы керек.