Қазақстандықтарды киберполиция атын жамылған алаяқтар алдап жүр

Қазақстандықтарға киберполиция қызметкері ретінде қоңырау шалатын алаяқтар көбейді. Олар адамдардың ақшасы қауіпте екенін айтып, банк шотындағы қаражатты «қорғауды» ұсынады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Polisia.kz хабарлауынша, алаяқтар алдымен байланыс операторының, аурухананың немесе коммуналдық қызметтің қызметкері ретінде хабарласады. Кейін басқа адам киберполиция қызметкері болып қоңырау шалып, алдыңғы қоңырау алаяқтардан болғанын айтып, SMS-код пен банк деректерін сұрайды.
Полицияның мәліметінше, құқық қорғау органдары телефон арқылы SMS-кодтарды, банк құпиясөздерін сұрамайды және ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етпейді.
Полиция азаматтарға бейтаныс адамдарға құпия деректерді бермеуге, олардың нұсқауымен ақша аудармауға кеңес береді. Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне өз бетінше хабарласқан жөн.
Айта кетейік, осыған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға жалған инвестициялық платформалар арқылы жасалатын алаяқтықтан сақ болуды ескерткен еді.