Шымкентте есірткіге қатысы бар полицей жұмыстан қуылды

Шымкентте есірткіні заңсыз сақтау дерегі анықталғаннан кейін аудандық полиция бөлімінің қызметкері теріс пиғылды себептермен ішкі істер органдарындағы жұмысынан босатылды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Әлеуметтік желіде мемлекеттік нөмірсіз Kia автокөлігін қуу және ұстау сәті түсірілген видео тараған болатын. Желідегі ақпаратқа сәйкес, көлікте полиция қызметкері болған және тексеру кезінде есірткі табылған.
Шымкент қалалық полиция департаменті заңсыз есірткі сақтау дерегін растады. Шұғыл іс-шаралар кезінде ұсталған көлікте азаматтық тұлғалармен бірге полиция қызметкері болғаны анықталып, ол бірден жұмыстан босатылды.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Полиция өкілдері бұрынғы қызметкердің әрекетіне де құқықтық баға берілетінін хабарлады.
Бұған дейін Алматыда аялдамаға есірткі сататын интернет-дүкенді жарнамалайтын стикерлер жапсырған әйел ұсталған.