Атыраудағы трагедия: Ақбаян Мұқанғалиева алғаш рет сұхбат берді

Атыраудағы трагедиядан кейін тұтас отбасынан айырылған Ақбаян Мұқанғалиева алғаш рет тілшілермен тілдесті. Ол қазіргі жағдайы, балалары туралы әңгімеледі, деп жазады Kursiv Media КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Балаларымды алғым келеді
Ақбаян қазір ағасы Шалқар Мұқанғалиевтың қолында. Апта сайын балалар үйіндегі бес баласына барады. Енді оларды қолына алғысы келеді.
«Кішкентайы жылайды, «алып кетші» деп. Үлкендері енді түсінеді. Қазір психологқа барып жүрмін. Таңертең, аптасына екі рет. Басқа ешқайда қаралып жатқан жоқпын. Басым мазаласа, кетеді ғой. Бірақ қатты ауырып жүргенім жоқ», – дейді келіншек.
Өзінің айтуынша, бесінші баласын босанғаннан кейін сырқаттанып, ота жасатқан. Содан кейін денсаулығында кінәрат болған. Босанғаннан кейінгі өмірінде болған жағдайлар мүлде есінде жоқ. Бірақ әр баласы мен туған жылын жатқа біледі екен.
Ата-анасын сұрайды
Туыстарының сөзінше, Ақбаян ағайындарын таниды, бұрынғы өмірін біледі. Соңғы кездері туған ауылын, ата-анасы мен бауырларын жиі сұрайтын болған. Бірақ дәрігерлер айтуға тыйым салғандықтан жақындары оларды ауылда деп алдарқатып жүр.
«Ауылға барғысы келеді. Шалқар (ағасы -ред.) апарам деп айтты ғой дейді. Бірақ дәрігерлер әлі дайын емес деген, сол үшін айтпай жүрміз. Айтқанның өзінде қайта ауыртып аламыз ба деген қорқыныш бар. Күтейік, аяғынан тұрып алсын», – дейді Ақбаянның әкесінің әпкесі Әсила Мұқанғалиева.
Дегенмен келіншек толық айықты деуге ерте, әлі де ұмытшақтық бар. Енді жақындары Ақбаян балаларын алып, бір отбасы болып өмір сүріп кеткенін қалайды. Алматы мен Астанадағы білікті дәрігерлерге қаратсақ деген ниеттері бар. Бірақ қаражат жағы қолбайлау болып тұр. Сол үшін көпшіліктен көмек сұрап отыр.
Ақбаян Мұқанғалиеваның есепшоттары:
Kaspi банк: 4400430002366935
Halyk банк: 4146213093321954 AKBAYAN MUKANGALIYEVA
Бұған дейін Ақбаянның тігін тігуді үйреніп жүргенін жазған едік. Оған бірінші топтағы мүгедектік берілген.
Төрт адамның өлімі
Атырау облысында 2025 жылдың соңында төрт адам хабарсыз кетті. Содан кейін отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев пен отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиеваның да хабарсыз кеткені айтылып, олар күдікті деп танылды. Арада біраз уақыт өткен кезде екі адамның мәйіті өздері тұрған үйден, тағы екі адамның мәйіті Атыраудағы үй маңынан табылды.
Қылмыстық іс 2026 жылдың мамырында сотқа жетті. Сол кезде 2025 жылдың мамырында Сұлтан Сәрсемәлиевтің қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті пышақтап өлтіргені айтылды. Кейін мәйітін үйдің маңына көміп, жақындары күмәнданбас үшін оның атынан хабарламалар жазып отырған.
Сол жылдың қазанында Жангелдин ауылында тұратын бұрынғы қайын атасы мен енесін де өз үйінде пышақтағаны айтылды. Ол жерді 1 метр 30 сантиметр етіп қазып, екі адамның мүрдесін сол жерге көмеді.
Осыдан кейін бұрынғы әйелі Ақбаян мен қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны ертіп Атырауға барған. Қалада қайын апасы Мейрамгүлді де пышақтап өлтіріп, мәйітін Наурыздың жанына көмген. Жасаған қылмысын мойындаған Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына сотталды. Сот үкімі заңды күшіне енді.