Төрт ғарышкер Марсты бағындыруға дайындықтан өтті

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Миллиардер Илон Маск және Марстағы қоныс
фото: ЖИ көмегімен дайындалған сурет

Марсқа ұшуды имитациялайтын CHAPEA миссиясының төрт мүшесі бір жыл бойы оқшау өмір сүрді,  деп жазады Kursiv.Media.

NASA мәліметінше, олар Хьюстондағы арнайы тұрғын модульде тұрып, жұмыс істеген.

365 күн бойы олар Марста жүргендей егін өсіріп, шектеулі ресурстарды үнемдеп, байланыс кідірістеріне бейімделді. Сондай-ақ арнайы скафандр киіп, Марс бетіне шығуды имитациялады.

Экипаж құрамында миссия командирі Росс Элдер, медицина маманы Эллен Эллис, ғалым Мэттью Монтгомери және бортинженер Джеймс Спайсер бар. Олар 2025 жылғы 19 қазанда 3D-басып шығару технологиясымен жасалған, аумағы шамамен 158 шаршы метр тұрғын модульге кірген.

NASA ғалымдары миссия барысында жиналған денсаулық пен жұмыс қабілетіне қатысты деректерді зерттемек. Бұл мәліметтер болашақта Марсқа ұзақ мерзімді сапарларды қауіпсіз ұйымдастыруға көмектеседі.

Миссия аяқталған соң экипаж мүшелері отбасыларымен қайта қауышып, екі апта бойы NASA мамандарымен бірге нәтижелерді талдап, тәжірибелерін бағалайды. Олар миссия кезінде отбасыларымен тек электрондық пошта арқылы, Марстағыдай байланыс кідірісі жағдайында хабарласып отырған.

Зерттеу нәтижелері ұзақ сапарлар кезінде тамақтану, дене жаттығулары, медициналық және психологиялық қолдау мәселелерін түсінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ экипаждың байланыс кешіккен жағдайда өз бетінше шешім қабылдау қабілетін дамытуға көмектеседі. Марсқа хабар жіберу мен жауап алу арасындағы кідіріс бір бағытта 45 минутқа дейін жетуі мүмкін.

NASA мамандары бұл тәжірибе болашақтағы ұзақ ғарыш сапарларына, Айдағы базаларды құруға және Марсты игеруге қажетті технологиялар мен қолдау жүйелерін жетілдіруге жол ашады деп есептейді.

NASA-ның Адамды ғарышта зерттеу бағдарламасы ғарыштың адам ағзасы мен мінез-құлқына әсерін зерттеп, астронавтардың денсаулығын сақтауға және ұзақ миссияларға дайындығын арттыруға бағытталған.

Айта кететін жайт, ресейлік астроном Владимир Сурдиннің ғалымдарды Марс орманы қатты қызықтырып отырғанын айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз