Nurbank мемлекеттен алған көмегінің бір бөлігін қайтармақ

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Қаржы ұйымы мемлекеттен алған көмегінің бір бөлігін қайтарады / Фото: kursiv.media архиві

Сәрсеновтар әулетіне тиесілі «Нұрбанк» қаржы дағдарысы кезінде мемлекеттен алған көмегінің 6,5 млрд теңгесін қайтармақ. Бұл туралы қаржы есептілігі депозитарийіндегі хабарламада жазылған деп хабарлайды Kursiv.Media.

«Нұрбанк» АҚ директорлар кеңесі 1000 теңге номиналды құнымен 6,5 млн облигациясын кері сатып алуды ұйғарды.

Оларды қаржы ұйымы 2026 жыл соңына дейін сатып алып, үстінен пайызын төлейді. Аталмыш қағаздар банк секторының тұрақтылығын сақтау мемлекеттік бағдарламасы аясында шығарылған.

Қазақстанда қазір 23 банк тіркелген. 2017 жылдары үкімет жүйе құраушы банктерді дағдарыста құтқару үшін қомақты қаржы бөлгені белгілі. Сол кезде көмек алған бірқатар банк борышын қайтарып болды.

Қазір Alatau City Bank, «Еуразиялық банк» және «Нұрбанк» балансында мемлекеттік көмек бар.

Мемлекет көмегін алған банктер арасында бұрынғы – Jusan bank, қазіргі Alatau City Bank-ке ең көп көмек көрсетілген: 1 трлн теңгеге жуық. Оның 275 млрд теңгесін ғана қайтарып, мойнында әлі 725 млрд теңге мемлекетке қарыз тұр.

Ал «Еуразиялық банкке» 150 млрд теңге қарыз берілсе, банк соның 48 млрд теңгесін қайтарған. «Нұрбанктің» мойнында 42 млрд теңге бар еді, соның 6,5 млрд теңгесі мерзімінен бұрын қайтармақ.

Нарық ретеушілері мемлекетке қарыз банктер акционеріне дивиденд төлегісі келсе, алдымен сондай көлемдегі қарызды қайтаруын міндеттеген болатын.

«Нұрбанк» акционерлік қоғамының 87.87 пайыз акциясын «JP Finance Group» ЖШС иеленді.

Түпкі иесі – Эльдар Сәрсенов. Ол – белгілі кәсіпкер Рашит Сәрсеновтің ұлы. Forbes Kazakhstan тізіміне сәйкес, Сәрсеновтер отбасы елдегі ең бай 75 кәсіпкердің ішінде 10-орында тұр. Олардың байлығы 972 млн долларға бағаланады. 

Сондай-ақ оқыңыз