180 млн теңге болатын киік мүйіздерін Қытайға сатпақ болғандар ұсталды

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық орталығында 620 дана киік мүйізін Қытайға заңсыз өткізбек болғандар ұсталды. Тәркіленген дериваттардың қара нарықтағы құны шамамен 180 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды Kursiv Media.
ҰҚК Шекара қызметі Мемлекеттік шекарада құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыруда.
Атап айтқанда, 2026 жылғы 20 қазанда «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында шекарашылар Қытай Халық Республикасына 620 дана киік мүйізін заңсыз әкету әрекетінің жолын кесті.
Тәркіленген дериваттың қара нарықтағы құны шамамен 180 млн теңгені құрауы мүмкін.
Осы фактіге қатысты материалдар процестік шешім қабылдануы үшін тергеу бағыты бойынша құзыретті органға беріледі.
Айта кетейік, Қазақстанда 4 тамыздан бастап киік мүйіздері электронды аукцион арқылы сатыла бастады. Аукциондарға тек лицензиясы бар фармацевтикалық компаниялар қатыса алады.