Азия Пара ойындарында қазақстандық велошабандоздар ел қоржынына төрт алтын салды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: Kazparalimpics

Қазақстан құрамасы Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында пара велоспорттан тағы екі алтын медаль жеңіп алды. Наиль Ермұханбет пен Руслан Әлиев, сондай-ақ Анастасия Калаус пен Полина Братчикова жұптары шосседегі жарыста қарсыластарынан озып шықты, деп хабарлайды Kursiv.Media.

23 қазанда Аичи–Нагояда өтіп жатқан Азия Пара ойындарында қазақстандық спортшылар пара велоспорттың B класындағы жарыстарында үздік нәтиже көрсетті.

Ерлер арасындағы шосселік жарыста тандем-стокер Наиль Ермұханбет пен оның пилоты Руслан Әлиев мәреге бірінші болып жетті. Қазақстандық спортшылар қашықтықты 2 сағат 1 минут 21 секундта еңсеріп, алтын медаль жеңіп алды.

Бұл – Наиль Ермұханбет пен Руслан Әлиевтің биылғы Азия Пара ойындарындағы екінші алтын жүлдесі. Бұған дейін олар жеке уақытқа жарыста да чемпион атанған болатын.

Қазақстандық қыздар да алтын алды

Әйелдер арасындағы B класындағы шосселік жарыста Анастасия Калаус пен оның пилоты Полина Братчикова жеңіске жетті.

Қазақстандық жұп қашықтықты 2 сағат 5 минут 47 секундта жүріп өтіп, қарсыластарын артта қалдырды.

Бұл – Анастасия Калаус пен Полина Братчикованың Азия Пара ойындарындағы екінші алтын медалі. Бұған дейін олар жеке уақытқа жарыста да топ жарған еді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы V Азия Пара ойындарында пара велоспорттан төрт алтын медаль жеңіп алды.

Анастасия Калаус пен Полина Братчикованың жеңісінен кейін Қазақстанның жалпы алтын медаль саны 12-ге жетті.

Айта кетейік, V Азия Пара ойындары Жапонияда 24 қазанға дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыз