Париждегі қақтығыстарға байланысты әйгілі мұражайлар жабылады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Лувр мұражайындағы Cour Marly интерьері
фото: shutterstock

Францияның Мәдениет министрлігі 24 қазан, сенбі күні Париждегі бірнеше әйгілі музей жұмысын уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Қалада тағы да ірі қақтығыстар болады деген ақпараттан кейін осындай шешім қабылданып отыр, деп жазады Kursiv.Media.

Жабылатын нысандар қатарында Лувр, Орсе, Пикассо музейлері және Гран-Пале көрме кешені бар. Министрлік қызметкерлерді қорғап, өнер туындыларын дін аман сақтау үшін уақытша жаба тұру дұрыс деп шешкен. Ведомство өзіне қарасты барлық мәдени мекемені алдын ала қауіпсіздік шараларын қабылдауға шақырды.

Айта кету керек, Франциядағы тәртіпсіздік әлі де жалғасып жатыр. 19 қазанда өнер және мәдениет оқу орындарының студенттері Лувр музейінің кіреберісін жауып тастады. Соның салдарынан музей әдеттегі уақытта ашыла алмаған. Наразылыққа негізінен Лувр жоғары мектебінің және Париждегі басқа да оқу орындарының студенттері қатысқан.

Қауіпсіздікке байланысты Гран-Пале көрме кешенінде өтіп жатқан халықаралық заманауи өнер жәрмеңкесі Art Basel Paris те мерзімінен бұрын аяқталады. Ұйымдастырушылар іс-шараны жоспарланған уақыттан екі күн бұрын, 23 қазан, жұма күні кешке жабу туралы шешім қабылдаған.

Ел билігі 24 қазан, сенбі күні Парижде қақтығыстардың жаңа толқыны болуы мүмкін деп болжап отыр. Осыған орай 22 қазанда Эммануэль Макрон Елисей сарайында арнайы қызметті жинап, шұғыл жиын өткізді. ІІМ сенбіде көшеге шығатын тәртіп сақшыларының санын тағы 20%-ға көбейтті.

17 қазанда елдің бірнеше қаласында өте үлкен тәртіпсіздіктер болды. Әсіресе, Парижде бетін бүркеген адамдар дүкендердің терезесін сындырып, тонап, кейбір ғимараттарға өрт қойды. Наразылық акциялары Лион, Марсель, Тулуза, Лилль, Страсбург, Лимож, Бордо және Гренобль қалаларында да болып өтті.

Осыдан кейін 18 қазанда Макрон мәлімдеме жасап, тәртіпсіздіктерге қатысқандарды жазалауға уәде берді. Бірнеше қалада коменданттық сағат енгізілді. Қаржы сарапшыларының бағалауынша, ереуілдің шығыны 1,2 млрд еуроға жетуі мүмкін. 

Сондай-ақ оқыңыз