Жәрдемақы жыры: 2027 жылы кімдер әлеуметтік төлемнен қағылады (видео)

Жаңа жылдан бастап кей адам жәрдемақының 14 түрінен қағылады. Бұл әлеуметтік төлемдер отбасылардың экономикалық жағдайына қарай беріледі. Оның ішінде бала туғанда берілетін бір реттік төлем, бала бір жарым жасқа толғанша берілетін жәрдемақы, көпбалалы анаға берілетін жәрдемақы да бар. KursivMedia тілшісі сала мамандарынан нақты не өзгеретінін білді, сондай-ақ азаматтарды 5 санатқа бөлуге қатысты ойын сұрады.
Салық кеңесшісі Гүлнұр Нұрланқызының сөзінше, бұл өзгеріс қазақстандықтардың бәріне әсер етеді.
«Өзгерістердің ішінде дау тудырғаны – бала туғаннан кейін бір жарым жыл бойы төленетін жәрдемақы. Бала босанғанға дейін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ақша аударған әйелдер «неге төленбей қалады?» деп сұрай бастады. Жақсы жұмыс істеп, табыс тапқаным үшін «жазалағалы» жатыр ма деген ой болды. Бұл өзгерісті кейіннен министрлік ашып түсіндірді. Бізде жәрдемақының өзі екіге бөлінеді. Бірі – жұмыс істейтін әйелдердің мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жасаған аударымынан төленетін жәрдемақысы. Екіншісі – мүлде жұмыс істемеген әйелдерге республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақы», – деп түсіндірді Гүлнұр Нұрланқызы.
2026 жылы бала туған кезде жұмыс істемейтін әйелге бірінші балаға мемлекет бір жарым жыл бойы 24 912 теңгеден төлеп отырады. Енді осы тұрақты соманы төлеу кезінде өзгеріс болады.
«Мысал ретінде ешқандай әлеуметтік төлем аудармаған әйелді алайық. Әйел жұмыс істемеген, енді босанып отыр. Босанғаннан кейін де отбасының санаты «А» және «В» санатында тұрса, онда оған осы жәрдемақы төленбейді.
Егер жұмыс істеген әйел босанып, бір жарым жасқа дейінгі жәрдемақыға өтініш берсе, ол санатына қарамастан төленеді. Бұл жерде өзгеріс болмайды», – дейді Гүлнұр Нұрланқызы.
Сөзінше, асыраушысынан айырылған отбасыға санатына қарай жәрдемақы тағайындауға болмайды. Себебі отбасы дәл сол асыраушысының арқасында ауқаттылар санатында тұрған болуы мүмкін.
«Кей қазақстандық «жәрдемақы алмаймын, маған қатысы жоқ» деп ойлайтын шығар, бірақ ертең қандай да бір өзгеріс болмайтынына кім кепіл?! Отбасының асыраушысынан айырылып қалмайтынына кім кепіл?! Сондықтан әр азамат жәрдемақы алу құқығымнан айырылып қаламын ба деп алаңдауы қажет», – дейді маман.
Толығырақ Kursiv Media KZ YouTube арнасынан көріңіз.
Халық бес санатқа бөлінеді
Жаңа жылдан бастап қазақстандықтар табысына қарай А, В, С, Д және Е деген бес санатқа бөлінеді. «А» санатына елдегі ең ауқатты отбасылар – ірі бизнес, агрохолдингтер мен жылжымайтын мүлік иелері кіреді. Елде мұндай 329 мың үй шаруашылығы бар.
«В» санатына 1 миллион 50 мың үй шаруашылығы кіреді. Мұнда бір адамға шаққандағы табыс 305-тен 356 мың теңге аралығында болуы керек. Сондай-ақ бірнеше жылжымайтын мүлік, премиум санаттағы автомобилі (Mercedes-Benz, BMW, Audi, Lexusи Genesis, Тoyota Land Cruiser) болуға тиіс.
Отбасының жалпы табысын бір адамға шаққанда 203 мыңнан 305 мың теңгеге дейін келсе, отбасы «С» санатына кіреді. Бұл жерде отбасының екі немесе одан да көп мүшесінің жұмыспен қамтылғаны, жеке тұрғын үйі мен автокөлігінің болғаны, жеке кәсіпкерлікпен немесе шағын бизнеспен айналысатыны ескеріледі.
Кедейлік шегінде тұрған отбасылар «Д» санатына кіреді. Мұнда еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыссыз болуы, мерзімі өткен несие берешегінің болуы және тұрғын үймен қамтамасыз етілмегені ескерілген.
Қарт адамдар, мүгедектігі бар адамдар және асыраушысынан айырылған отбасылар ең төменгі «Е» санатына кіруі мүмкін.