200 мың қазақстандық тұрғын үй кезегінен шығарылуы мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media архиві

Тұрғын үй кезегінде тұрған 200 мың қазақстандық есептен шығарылуы мүмкін. Бұл туралы «Отбасы банк» тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы департаментінің директоры Азат Әшімов мәлімдеді. Бұл туралы Kursiv.Media krisha.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

14 қыркүйектен бастап банкке дербес деректерді өңдеуге келісімін алмай-ақ, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәліметтерін түгендеу құқығы берілді. Тексерудің мақсаты – кезекте тұрғандардың баспана алуға қойылатын талаптарға қаншалықты сай келетінін анықтау.

«Шамамен 200 мың азамат есептен шығарылуы мүмкін. Себебі олар жеңілдетілген бағдарламалардың талаптарына сәйкес келмейді. Қазір осы мәліметтерді талдап жатырмыз. Негізгі себептер – азаматтардың меншігінде баспананың болуы немесе олардың Қазақстан азаматтығынан айырылуы. Табыс деңгейі есептен шығаруға әсер етпейді», – деп түсіндірді спикер.

Заң бойынша азаматты тұрғын үй кезегінен шығарардан 10 күн бұрын ескерту қажет. Осы уақыт ішінде ол қажет болған жағдайда қосымша құжаттар ұсына алады.

Үкімет 2033 жылға дейін 292 мың отбасын баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Оларға жалдамалы пәтерлер беріліп, жеңілдетілген ипотека бағдарламалары ұсынылады. Қазір тұрғын үй кезегінде 1,089 млн қазақстандық тұр.

Кімдер тұрғын үй кезегіне тұра алады

Тұрғын үй кезегіне тұру үшін мына талаптарға сай болу қажет:

  1. ҚР азаматы немесе қандас болу.
  2. Соңғы бес жыл ішінде меншігінде баспана болмауы немесе апатты деп танылған үйде тұруы.
  3. Тұрақты тіркеуі болуы. Алматы, Астана және Шымкент қалаларында кемінде үш жыл тұрақты тіркеуде тұру қажет. Басқа өңірлерде тұру мерзіміне шектеу қойылмайды.

Тұрғын үй кезегіне ЭЦҚ арқылы orken.otbasybank.kz сайтында тұруға болады.

Тағы да оқыңыз: Баспана кезегінде тұрған азаматтың 400 пәтерде үлесі болған 

Сондай-ақ оқыңыз