NVIDIA қазақстандық Higgsfield стартабына инвестор болды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

NVIDIA және америкалық TCV инвестициялық қоры қазақстандық Higgsfield AI стартабының инвесторы болады деп жазады Kursiv Media Forbes басылымына сілтеме жасап. Бұл туралы NVIDIA негізін қалаушы Дженсен Хуангтың Қазақстанға сапары аясында мәлім болды.

2026 жылы тамызда NVIDIA мен TCV компаниялары DST Global басқаратын Series B раундына қосылды. Соның аясында стартаптың инвесторлары атанған.

«Көз алдымызда сұранысы күн сайын артып келе жатқан жаңа индустрия қалыптасып жатыр. TCV бұған дейін медиа нарығының тұтас сегменттерін өзгерткен компанияларға инвестиция салған. Ал NVIDIA технологиялары платформамызды дамытудың барлық кезеңінде қолданылды. Енді осындай ірі компаниялармен серіктестік орнату визуалды контенттің жаңа нарығын дамытуға көбірек мүмкіндік береді», – деді Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры Алекс Машрабов.

Higgsfield платформасын пайдаланушылар саны мен ол жерде жасалатын контент көлемі артқан сайын есептеу қуатын көбейту үшін NVIDIA Vera Rubin архитектурасын қолдануды жоспарлап отыр. Ал жасанды интеллект модельдерінің жұмысын ұйымдастырып, графикалық процессорлар арқылы олардың мүмкіндіктерін кеңейту үшін NVIDIA Dynamo бағдарламалық шешімін пайдаланбақшы.

Higgsfield жақында шығарған 15 минуттық «Kök Börü» анимациялық фильмі NVIDIA Blackwell Ultra есептеу инфрақұрылымы негізінде жасалған.

Оқи отырыңыз: Қазақстанға NVIDIA басшысы Дженсен Хуанг келеді

TCV – Netflix, Spotify, Facebook, ByteDance және Electronic Arts сияқты компанияларға инвестиция салған америкалық инвестициялық қор. Қор Higgsfield компаниясының жасанды интеллект көмегімен визуалды контент жасауға арналған құралдар нарығын одан әрі дамыту әлеуетін жоғары бағалаған.

Higgsfield дерегінше, биыл қыркүйекте компанияның жылдық түсімі бір млрд доллардан асқан. Стартап іске қосылғанына бір жарым жыл өтпей жатып осындай нәтижеге қол жеткізіп отыр.

Тақырыпқа орай: Әйгілі супермодель Наталья Водянова қазақ стартапы Higgsfield-ке қосылды

Сондай-ақ оқыңыз