Telegram-дағы Walt криптоәмияны Ұлттық банктің лицензиясын алмаған

Жарияланды 23 Қазан 2026 10:50

Данил Тумашевич

Данил Тумашевич

Шеф-редактор d.tumashevich@kursiv.kz
Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
walt крипта
Фото: Shutterstock

Telegram мессенджері ішінде жұмыс істейтін Walt (бұрынғы Wallet) криптовалюта сервисі цифрлық активтерді айырбастауға қатысты лицензиясын алмаған. Бұл ретте Ұлттық банкте Wallet P2P-сервисін басқаратын заңды тұлға туралы ақпарат жоқ. Бұл туралы Ұлттық банктің«Курсивтің» ресми сауалына берген жауабында айтылған.

«Курсив» редакциясы қаржы реттеушісінен «қазақстандықтар Telegram-дағы Wallet криптоәмиянын заңды түрде пайдалана ала ма» деп сұраған. Сервис криптовалютаны сатып алу, сақтау, сату және аудару, сондай-ақ пайдаланушылар арасында операциялар жасауға (P2P) мүмкіндік береді.

Ұлттық банк Telegram Wallet қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторы қызметін жүзеге асыруға лицензия алмағанын хабарлады. Сонымен қатар сервис цифрлық қаржы активтері платформасының немесе цифрлық активтердің сауда платформасының операторы ретінде есептік тіркеуден өтпеген және Ұлттық банктің реттеуші құмсалғышына қатысқан жоқ.

«Ұлттық Банкте P2P Wallet Telegram операторының нақты атауы мен резиденттігі туралы мәліметтер жоқ», — делінген реттеушінің жауабында.

Ұлттық банк «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заңның 12-1-бабының 1-тармағына сәйкес, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымына Ұлттық банкте лицензия алған немесе есептік тіркеуден өткен, болмаса «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) реттеушісінің тиісті лицензиясы бар провайдерлердің қызметі аясында ғана жол берілетінін еске салды.

Қазақстандықтар Wallet-ті пайдалана ала ма?

«Курсив» сондай-ақ жеке тұлғалар үшін Wallet-ті пайдаланғаны, оның ішінде криптовалютаны сақтағаны, сатып алғаны, сатқаны және басқа пайдаланушыларға аударғаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған ба деп сұрастырды.

Ұлттық банк аталған операциялардың әрқайсысының заңдылығы туралы тікелей жауап берген жоқ. Алайда реттеуші жеке тұлғалар өздеріне тиесілі цифрлық активтерге Қазақстан заңнамасымен белгіленген шекте билік етуге құқылы екенін атап өтті.

«Бұл ретте жеке тұлғалардың үшінші тұлғаларға цифрлық активтерді сатып алу, сату немесе айырбастау жөніндегі қызметтерді көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруы заңнамада көзделген рұқсат ету талаптарын сақтауды талап етеді», — деп атап өтті Ұлттық банк.

Осылайша, реттеуші жеке цифрлық активтерге билік ету мен басқа тұлғаларға қызмет көрсету қызметін ажыратады. Екінші жағдайда заңда белгіленген рұқсаттарға қойылатын талаптарды сақтау қажет.

Telegram-дағы Walt туралы не белгілі

Walt – Telegram мессенджері ішінде жұмыс істейтін криптовалюта сервисі. Ол пайдаланушыларға криптовалютаны сақтау, сатып алу, сату, айырбастау және аударуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сервисте пайдаланушылар цифрлық активтерді бір-бірінен сатып алып, сата алатын, соның ішінде кәдімгі валюталармен есеп айырысатын P2P операциялары бар.

2026 жылғы 28 қыркүйекте Wallet атауын Walt деп өзгертті. Бұл ретте пайдаланушылардың тіркелгілері, олардың активтері мен операциялар тарихы сақталды. Сервис Telegram-дағы @walt және @wallet боттары арқылы жұмысын жалғастыруда, алайда мессенджер параметрлерінде бұрынғыдай көрсетілмейді.

Walt ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, сервис қызметтерін Панамада тіркелген TG Wallet Inc. компаниясы ұсынады. Бұл ретте Walt – пайдаланушыларды авторизациялау үшін Telegram-ды пайдаланатын, бірақ мессенджердің өзіне тиесілі емес дербес платформа

Walt сервисінің ішінде криптоәмияндардың екі түрі бар:

БІріншісі – кастодиалды әмиян, мұнда жеке кілттерді сервистің өзі басқарады. Екіншісі – кастодиалды емес DeFi Account (бұрынғы TON Wallet), ол пайдаланушыларға кілтті өз бетінше бақылау және TON блокчейніндегі цифрлық активтерді дербес басқаруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз