Арсен Томский Pony.ai және NVIDIA-мен бірге жүргізушісіз таксилерді іске қоспақшы

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: media.licdn.com бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

inDrive, Pony.ai және NVIDIA компаниялары Қазақстанда жүргізушісіз такси қызметін іске қосу үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды деп жазады Kursiv Media.

Жүргізушісіз такси қашан пайда болады?

Әзірге жобаның нақты іске қосылатын уақыты белгісіз. Серіктестер алдымен жобаны жүзеге асыру жоспарын әзірлеп, технологиялық мүмкіндіктерді, қызметті ұйымдастыру мәселелерін және заңнамалық талаптарды бағалайды. Жүргізушісіз такси Қазақстан үкіметімен келісілгеннен кейін ғана жұмысын бастауы мүмкін.

Жоба аясында Pony.ai компаниясы жетінші буындағы Gen-7 роботаксилерін ұсынады. Бұл – автономды басқарудың төртінші деңгейіндегі көліктер. Яғни олар арнайы белгіленген аумақтарда жүргізушінің қатысуынсыз қозғала алады. inDrive сапарларға тапсырыс беру платформасы мен қызметті ұйымдастыруға жауап береді. Ал NVIDIA технологиялық қолдау көрсетеді.

Жоба алдымен Астанада сынақтан өтпек. Қызмет іске қосылғаннан кейін серіктестер оны еліміздің басқа қалаларында іске қоспақ.

Компания өкілдері не дейді?

inDrive компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Арсен Томский сөзінше, қазір жүргізушісіз таксидің Қазақстан жолдарында қалай жұмыс істейтінін және оның жолаушылар мен жүргізушілерге қандай мүмкіндіктер ұсынатынын тексеріп алу өте маңызды болып тұр.

«Егер автономды көліктер Астананың қысқы жағдайында сенімді жұмыс істей алса, бұл олардың мүмкіндіктерін жақсы сынақтан өткізіп, технологияны климаты қатал басқа өңірлерде қолдануға дайындауға көмектеседі», – деді Томский.

Pony.ai компаниясы да технологияны жергілікті жағдайға бейімдеуді жоспарлап отыр. Компанияның негізін қалаушы әрі бас директоры Джеймс Пэн Қазақстанды Орталық Азиядағы жаңа нарықта жүргізушісіз көліктерді енгізуге мүмкіндік беретін ел ретінде бағалады.

Бұған дейін Көлік министрлігі және Yandex Qazaqstan компаниясы Алматыда жеткізуші роботтар мен жүргізушісіз көлік технологияларын сынақтан өткізген еді. Қазір елімізде жүргізушісіз көліктерді пайдалануға мүмкіндік беретін заңнамалық база әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз