
Серік Ибрагимов 60 млн теңге шығынға ұшырағанын, жұлдыз ауруына қалай шалдыққанын айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
SHATCAST-қа берген сұхбатында әнші Заманback фильмін түсіріп, миллиард табыс тапқаннан кейін менмендігі басым болып кеткенін мойындады. Ақшаға қатты құныққанын түсінген.
«Пайызға алғам ақшам бар еді. Менің жинап қойған ақшам бар еді. Соны салдым. 50-60 миллиондай минусқа кеттім. Депрессияға кірдім. Әзірге жерге түспедім, өзімнен басқалардың бәрін кінәлап жаттым. Сценаристерді, маркетингті, көрермендердің талғамын да сынадым. Өзімнен басқалардың бәрі кінәлі», – деп күлді Серік Ибрагимов.
Әншінің айтуынша, Әлішер атты інісі оны әбден бақылап, тәубеге келуге шақырған.
«Аға, ренжімесеңіз мен сізге бір-екі нәрсе айтайыншы. Сізді сыйлаймын, құрметтеймін. Бірақ Құдайдан ғана қорқатын адаммын. Сіз өзгеріп кетіпсіз. Неге ақша-пақша деп кеткенсіз? Жүрегіңізге ақша кіріп кеткен бе? Не болды сізге? Аға қойсаңызшы, сіз дұрыс емес нәрсе жасап жатырсыз. Ниетіңізді дұрыстаңыз, кетсе, кетсін», – деп басу айтқан.
Серік Ибрагимов сол кезде ғана есін жиып, қандай күйге түскенін ұғыныпты.
«Қонақ үйге келген соң, Құдайға: «Саған тапсырдым. Жүрегімнен алып тасташы» деймін. Сол кезде ғана мені ұстап тұрған нәрсенің бәрі босатқандай болды», – деді Серік Ибрагимов.
Мұның алдында Серік Ибрагимов елу жасқа толғанымен құттықтап, Мейрамбек Беспаевқа шапан жапқан еді.