Қазақстан онлайн сауда бойынша әлемде 35-орында тұр

Қазақстанда 2025 жылы бөлшек онлайн сауда арқылы сатылған тауарлардың 86%-ы маркетплейстерге тиесілі болды. Соңғы үш жылда елдегі электронды сауда көлемі екі есеге жуық өсті.
Finprom.kz басылымының ECDB (E-Commerce Database) деректеріне сүйеніп хабарлауынша, Қазақстан онлайн саудадан түсетін кіріс көлемі бойынша әлемнің 127 елі мен нарығы арасында 35-орынға ие болды. 2025 жылы бұл көрсеткіш 8,7 млрд долларға жеткен.
Электронды сауда көлемі бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр. Ал ТМД елдері мен бұрынғы одақтас мемлекеттер арасында рейтингке енген елдердің ішінен Ресейден кейінгі орында.
Қазақстанда жан басына шаққандағы онлайн сауда көлемі жылына шамамен 418 долларды құрайды. Бұл көрсеткіш Үндістандағы деңгейден 4,4 есе жоғары. Үндістан жалпы онлайн сауда кірісі бойынша әлемдегі ең ірі бес нарықтың қатарына кіреді.
ECDB мәліметінше, онлайн сатылымның Қазақстандағы бөлшек саудадағы үлесі 10–15% аралығында. Осындай көрсеткіш 125 экономика арасындағы 24 елде тіркелген. Ал онлайн сауданың үлесі бұдан жоғары болатын елдер саны – 11.
Бұл тұрғыда Қазақстан Жапония, Франция, Канада, Аустралия және Испания сияқты елдермен бір топта тұр. Бұл онлайн сауданың елдің бөлшек сауда нарығында маңызды орынға ие болғанын көрсетеді.
Қазақстандықтар интернеттен тауарды көбіне маркетплейстерден сатып алады
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы бөлшек онлайн сауда көлемі 3,77 трлн теңгеге жетті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 3,16 трлн теңге, ал 2022 жылы 1,96 трлн теңге болған.
Осылайша, үш жылда онлайн сауда көлемі екі есеге жуық өсті. Оның жалпы бөлшек саудадағы үлесі де 2022 жылғы 12,5%-дан 2025 жылы 14,3%-ға дейін артты.
Сатылымның басым бөлігі маркетплейстер арқылы жүзеге асқан. 2025 жылы оларда 3,24 трлн теңгенің тауары сатылды. Бұл бөлшек онлайн сауданың шамамен 86%-ы. Ал кәсіпорындардың өз интернет-ресурстары арқылы сатылым көлемі 531,3 млрд теңгені немесе нарықтың 14%-ын құрады.
Электронды саудамен айналысатын кәсіпорындардың 83,1%-ы маркетплейстерді пайдаланған. Өз интернет-ресурстары арқылы тауар сатқан компаниялардың үлесі 27,2% болды. Кейбір кәсіпорын екі арнаны да қатар қолданған.
Кәсіпкерлер маркетплейстерді неге таңдайды
Маркетплейстер кәсіпкерлерге онлайн сауданы бастауға қажетті дайын инфрақұрылым ұсынады. Бір платформада сатушылар, сатып алушылар, төлем құралдары және басқа да қызметтер біріктірілген. Сондықтан әсіресе шағын және орта бизнеске жеке интернет-дүкен ашып, оны дамытуға қосымша қаражат жұмсамай-ақ, көпшілікке тауар ұсынуға мүмкіндік бар.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы тоғыз ірі маркетплейс бюджетке 356 млрд теңге салық төлеген. Төрт жыл ішінде олардың салық аударымдарының көлемі 9,6 есе өскен.
Тағы да оқыңыз: Электронды ақша айналымы жарты жылда 1 трлн теңгеге жуықтады