Елде үшінші суперкомпьютер іске қосылады

Қазақстанда жақында үшінші суперкомпьютер іске қосылады. Бұл туралы Ақордадағы жиында президент Тоқаев мәлімдеді деп жазады Kursiv Media.
«Елордамызда Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы мен заманауи Astana Hub технопаркі жұмыс істейді. ІТ қызметтердің экспорты 1 миллиард доллардан асты. Екі суперкомпьютер іске қосылды. Оның игілігін отандық компаниялар мен ғалымдар көріп жатыр. Жақында аса қуатты тағы бір суперкомпьютер пайдалануға беріледі», – деді ол.
Президент сондай-ақ Деректерді өңдеу орталығы туралы да атап өтіп, ол орталық цифрлық экономиканың берік негізін қалайды деп баға берді.
«Біз Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыруды қолға алдық, жасанды интеллект технологиясы қоғамның барлық саласына енгізіледі. Мұның бәрі – цифрлық, басқаша айтқанда, халқымыздың игілігіне қызмет ететін өркендеген мемлекет құруға бағытталған қадам», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алғашқы суперкомпьютер былтыр жазда іске қосылған. Биыл көктемде Қосшы қаласында екіншісі жұмысын бастаған.
Тақырыпқа орай: Қазақстандық суперкомпьютер әлемдегі топ-100 тізіміне енді