Қазақстан волейболдан Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері атанды

Қазақстанның ерлер құрамасы Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында отырып ойнау волейболынан күміс медаль жеңіп алды. Финалда қазақстандық спортшылар Иран құрамасына есе жіберді, деп хабарлайды Kursiv Media.
23 қазанда Айчи-Нагояда өткен шешуші кездесуде Қазақстан құрамасы Иранмен күш сынасты. Бұған дейін екі команда топтық кезеңде де кездескен болатын.
Финалдық матч үш партияға созылды. Ирандық волейболшылар алғашқы сетте 25:19 есебімен басым түссе, екінші партияны 25:13 есебімен аяқтады. Үшінші сетте де қарсылас команда 25:12 есебімен жеңіске жетіп, жалпы есепте 3:0 нәтижесімен чемпион атанды.
Қазақстан құрамасы финалға дейін бірнеше маңызды жеңіске қол жеткізді. Топтық кезеңде отандастарымыз Таиланд құрамасын ұтты.
Ал жартылай финалда қазақстандықтар Ирак құрамасына қарсы тартысты кездесу өткізді. Матч барысында Қазақстан екі партияда жеңіліп, 0:2 есебімен артта қалған еді. Алайда спортшылар ойын барысын өзгертіп, қатарынан үш сетті жеңіп алды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Иракты 3:2 есебімен жеңіп, Азия Пара ойындарының финалына жолдама алды.
Шешуші кездесуде Ираннан жеңілгеніне қарамастан, қазақстандық волейболшылар турнирді екінші орынмен аяқтап, V Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Бұған дейін, Азия Пара ойындарында қазақстандық велошабандоздар ел қоржынына төрт алтын салған еді.