Ұлттық банк базалық мөлшерлемені неліктен бірден 1%-ға төмендетпеді

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме неге бірден 1%-ға төмендемегенін түсіндірді. Себебі, кейбір кәсіби нарық қатысушылары дәл осы мөлшерлемені күткен еді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Айтуынша, ҰБ базалық мөлшерлемені 1%-ға төмендетуді тіпті қарастырмаған.
«Біз мөлшерлемені 1%-ға төмендетуді тіпті қарастырған да жоқпыз. Үш түрлі нұсқа болды. Комитет мүшелерінің бір бөлігі мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыру керек деп санады. Екінші бөлігі 0,25%-ға төмендетуді жақтаса, үшінші тарап 0,5%-дық төмендеу анағұрлым байқалатын қадам болатынын алға тартты», – деді ол.
Ұзақ талқылаудан кейін комитет қазіргі жағдай мөлшерлемені батылырақ төмендетуге мүмкіндік береді деген қорытындыға келді. Бұған соңғы 12 айдағы инфляцияның баяулауы, инфляциялық күтулердің төмендеуі және ішкі экономикадағы тұрақты жағдай ықпал еткен.
«Мөлшерлеменің мұндай деңгейінде оны 0,25%-ға төмендету жеткілікті нәтиже бермес еді, содан соң 0,5%-ға азайту туралы шешім қабылдадық. Комитет осы шешім үшін дауыс берді», – деп түсіндірді Т. Сүлейменов.
Сонымен бірге Ұлттық банкте жылдық инфляция мен инфляциялық күтулердің үздіксіз төмендеуі базалық мөлшерлемені азайтуға мүмкіндік қалыптастырғаны атап өтілді.
Айта кетейік, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75%-ға дейін төмендетті.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме бойынша өткен брифингте теңгенің нығаюы инфляцияның баяулауына оң ықпал еткенін мәлімдеді.
Оқи отырыңыз: Базалық мөлшерлеменің төмендеуі азаматтардың несие пайызына қалай әсер етеді