Көлікті күзде қалай дайындау керек – маман кеңесі

Күзде жаңбыр, тұман, қараңғының ерте батуы мен түнгі үсік жүргізушілер үшін қосымша қауіп тудырады. Мұндай кезде жолдағы көрініс нашарлап, көліктің жолмен ілінісуі төмендеуі мүмкін. Сондықтан жүргізушілер көліктің техникалық жағдайын алдын ала тексеріп, жарық шамдары мен әйнек тазалау жүйесінің дұрыс жұмыс істейтініне көз жеткізуі керек. Бұл туралы ROSSKO компаниясының техникалық маманы Константин Ершов мәлімдеді.
Қысқы дөңгелекті қашан ауыстыру керек
Маман күзде көлікті толық диагностикалаудан өткізуді ұсынады. Әсіресе қозғалыс қауіпсіздігіне жауап беретін жүйелердің жағдайын тексеру маңызды.
«Ең алдымен, көліктің барлық жүйесін, соның ішінде қауіпсіздікке жауап беретін бөлшектерін тексеру үшін автосервиске барған жөн», – дейді Константин Ершов.
Оның айтуынша, қысқы дөңгелекке ауысу үшін ауа райының тұрақты түрде минусқа түсуін күтудің қажеті жоқ. Орташа тәуліктік температура +5–7°C-қа дейін төмендеген кезде шиналарды ауыстыруды жоспарлаған дұрыс.
Жарық шамдарын тексеруді ұмытпаңыз
Күзде күн ерте батады, ал тұман кезінде жолдағы көріну одан әрі нашарлайды. Сондықтан негізгі және тұманға қарсы фараларды, тежегіш шамдарын, бұрылыс көрсеткіштері мен авариялық жарық сигналын тексеру қажет.
Фаралардың жарық бағытын да реттеген жөн. Бұл жүргізушінің жолды жақсы көруіне көмектесіп қана қоймай, қарсы бағыттағы көлік жүргізушілерінің көзін шағылыстыру қаупін азайтады.
Тұман кезінде алысқа түсетін фараны қосу көрінуді жақсартпауы мүмкін. Оның орнына жақын жарықты немесе тұманға қарсы шамдарды пайдаланып, жылдамдықты азайту керек.
Жаңбырда әйнектің булануына не себеп
Салқын әрі ылғалды ауа райында көлік әйнектері жиі буланады. Бұған салондағы ауа айналымы жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі, жылыту жүйесіндегі ақаулар немесе салон сүзгісінің ластануы себеп болуы мүмкін.
Константин Ершов салон сүзгісін тексеріп, қажет болса ауыстыруға, ал жылыту және ауа айналымы жүйелерін автосервисте тексертуге кеңес береді.
Сонымен қатар әйнек тазалағыш щеткалардың жағдайын қарап, әйнек жуғыш сұйықтықтың жеткілікті екеніне көз жеткізу керек. Жаңбыр кезінде жолдағы көліктер шашыратқан су алдыңғы әйнекті бір сәтте жауып қалуы мүмкін. Мұндайда тазалау жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі маңызды.
Тағы да оқыңыз: Қысқы дөңгелектің қызмет ету мерзімін қалай ұзартуға болады