Ұлттық қордан 4,4 трлн теңге алынады: бас банк межелі инфляция дәлізін кеңейткен

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Межелі инфляция дәлізі кеңейді / Фото: kursiv.media архиві

2027 жылы ел экономикасына Ұлттық қордан 4,4 трлн теңге құйылмақ. Ал бюджет шығыны 30 трлн теңгеге жетеді. Бұл қаржы елдегі инфляцияға қосымша қысым түсіреді. Сондықтан Ұлттық банк өз болжамында межелі инфляция дәлізін 0,5 пайызға кеңейтіп отыр. Бұл туралы брифинг барысында Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

Сүлейменовтың айтуынша, ел экономикасына қомақты қаржы құйылған кезде, ол міндетті түрде инфляция деңгейіне әсер етеді.

«Экономикаға ірі көлемде ақша салынғанда инфляциялық әсер болмауы мүмкін емес. Сондықтан үкімет жоспарын естігеннен кейін, инфляция дәлізін кеңейтуге тура келді», – деді банкир.

Сонымен қатар Сүлейменов ел экономикасы өсіп, өндіріс орындары құрылып, қызмет пен тауар өндіру үшін бюджетке қаржы керек екенін де атап өтті.

Мемлекеттің орасан шығыны елдегі қымбатшылықтың қарқын алуына әсер етсе, бас банк базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетпеуі мүмкін.

Бұған дейін сарапшылар қордан ірі көлемде алынатын қаржы елдегі инфляцияның қайта қарқын алуына әсер етеді деген болжам жасаған. Өйткен артық қаржы ішкі сұранысты жасанды түрде арттырады.

23 қазан күнгі шешімінде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірден 50 базистік пунктке азайтып, 17,75 пайызға дейін төмендетті. Реттеуші бұл шешімін елдегі инфляция қарқынының баяулауымен түсіндіреді.

Сондай-ақ оқыңыз