Непалдағы су тасқынынан келген шығынды өтеуге 5 млрд доллар қажет

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: shutterstock

Непал БҰҰ-ның климаттың өзгеруінен келген шығындар мен залалды өтеу қорынан 20 млн доллар көмек алады. Қаражат тамыз айында болған жойқын су тасқынының салдарын жою үшін қажет деп жазады Kursiv Media.

Бірақ БҰҰ бөлетін 20 млн доллардың өзі де мардымсыз қаражат болуы мүмкін. Алдын ала есептеулер бойынша, елді қалпына келтіруге 4,7 млрд доллардан астам ақша қажет. Осыны ескерсек, әлемдік қордан келетін қаражат Непалға қажетті соманың 1%-ына да жетпейді.

Бұған дейін Непал үкіметі су тасқынынан кейін бір апта өтпей жатып, тамыз айында қорға хат жолдап, көмек сұраған деп жазады Reuters.

Ал қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясында алғаш рет сөз сөйлеген Непал премьер-министрі Балендра Шах елдегі апатты бүкіл әлемге ескерту деп атады. Ол Непалдың парниктік газдар шығарындылары аз болғанына қарамастан, климаттың өзгеруі су тасқынына әсер еткенін айтты.

Еске салайық, 26 тамызда Қытайдың Тибет аймағымен шекаралас өңірде болған су тасқынынан шамамен 60 мың адам зардап шекті. Ресми деректер бойынша, жолдар, көпірлер, мектептер және 13 су электр станциясын қоса алғанда, инфрақұрылымға 2,7 млрд доллар шығын келген. 1 500 адам қаза тауып, 5 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз