Түркістан облысында биыл сегізінші үшем дүниеге келді

Түркістан облысы Тұрбат ауылында Аслиддин Шапахов пен Зиеде Сайдурасилдің отбасында үшем дүниеге келді, деп жазады Kursiv Media облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Әкесі Аслиддин Шапахов 28 жаста, ал анасы Зиеде Сайдурасил 23 жаста. Ерлі-зайыптылар бұған дейін Тұрсынмұрод есімді ұл тәрбиелеп отырған. Үшем дүниеге келген соң отбасы көпбалалы отбасы мәртебесіне ие болды. Сәбилерге Хасан, Хусан және Усмон деген есім берілген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, нәрестелер жүктіліктің 33 аптасы 4 күнінде, мерзімінен бұрын туған. Облыстық перинаталдық орталық дәрігерлері ота жасап, босандырып алған. Анасы мен сәбилердің жағдайы тұрақталғаннан кейін үйіне шығарылды.
«Түркістан облыстық №1 перинаталдық орталығының дәрігерлері босану кезінде қажетті медициналық көмек көрсетті. Ауруханадан шыққаннан кейін жас ана мен үш сәби дәрігерлердің бақылауында болады», – деп хабарлады ведомство.
Бұған дейін жыл басынан бері облыста жеті үшем дүниеге келген еді.
Оқи отырыңыз: Алматыда бір айда екі үшем дүниеге келді