Қызметте қайтыс болған полицейдің жесірі айына 98 теңге жәрдемақы алған

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
General News бөлімінің журналисі
фото: Делия Айдаралиева

Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полицейдің жесіріне 98 теңге мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Алматының полиция департаменті бастапқыда қате есептеп, кейін артық төленген соманы әйелдің қазіргі жәрдемақысынан ұстап қалып отырған. Ішкі істер министрлігі қарамағындағы қызметкерлердің қателік жібергенін мойындап, әйелдерден бұл ақшаны өндіріп алуға тыйым салды, деп хабарлайды KursivMedia.

Оқиғаның мән-жайы

Мәселені 2020 жылы қайтыс болған полицейдің әйелі Динара Аман Threads желісінде көтерді. Сөзінше, 2026 жылдың ақпанынан бастап полиция департаменті қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына полицейлердің қазіргі жалақысының 40%-ын төлей бастаған. Алайда маусымда департамент заң нормасын дұрыс түсінбегеніне сілтеме жасап, төлем қызметкер қаза тапқан кездегі жалақы негізінде есептелуге тиіс екенін мәлімдеген. 

Содан кейін полиция артық төлем жасалған бірнеше айдағы ақшаны әйелге ай сайын берілетін ақшадан ұстап қалып отырған. Әйелдің сөзінше, соның салдарынан кей жесірдің шотына небәрі 98 және 1 880 теңгеден түскен.

«Мемлекетке қарыз болып қалдым, себебі олар төлемді қате есептеген. Мемлекеттік орган қателік жібереді, ал оның зардабын біз тартамыз. Қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары мемлекетке қарыз болып қалдық», – дейді алматылық.

Әйел сотқа жүгіну үшін қайта бұл өзгеріске не себеп болғанын сұраған. Алайда полиция департаменті төлемдердің қате есептелгеніне Астанадан келген жазбаша бұйрық негіз болғанын айтқан, алайда құжатты ұсынбаған. 

Смотреть в Threads

Ішкі істер министрлігі Алматы қаласының полиция департаменті төлемді есептеу кезінде қателік жіберіп, заң нормаларын дұрыс қолданбағанын растады. Сонымен қатар ІІМ жергілікті полиция департаменттеріне мәселе түпкілікті шешілгенге дейін қаза тапқан қызметкерлердің жесірлерінен артық төленген ақшаны өндіріп алмауды тапсырды.

Айта кетейік, Қазақстанда қызмет бабында қайтыс болғандардың әйеліне жәрдемақы өмір бойы төленеді. Бұл төлем әйел қайта некеге тұрған жағдайда тоқтатылады.

Үкіметтің 2022 жылдың 21 желтоқсандағы №1048 қаулысына сәйкес, қаза тапқан құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган, азаматтық қорғау органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшінің әрбір отбасы мүшесіне ақшалай төлем қаза тапқан адамның соңғы атқарған лауазымы бойынша жалақысының 40%-ы мөлшерінде төленеді. 

Сондай-ақ оқыңыз